"Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасы

Астанада кезексіз емханалар пайда болды

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Вице-министрі Светлана Жақыпова мен Астана қаласы денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Ерік Байжүнісов №5 қалалық емханада «Кезексіз емхана» имидждік жобасын жүзеге асыру шараларымен танысты, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі.
Астана қаласы30 Маусым , 18:49

Астанадағы алғашқы медициналық ұйымдардың бірінде кезекті электронды басқару жүйесі енгізілді. Бұл дәрігерлер кабинетіндегі кезекті азайтуға мүмкіндік берді. Аталған емхана қаладағы 74 мыңнан астам адамға қызмет көрсететін (күніне 500-ден астам қабылдау жүзезе асырылады) ірі емханалардың бірі болып табылады.

Емханада пациенттердің медициналық қызметкерлермен белсенді түрде араласуы үшін зал ұйымдастырылды. Мұнда паценттерге әркез көмекке келуге дайын тұратын медициналық қызметкерлер арасынан тағайындалған бірнеше администраторлар қызмет көрсетеді.

“Медициналық ұйымда тіркеу процедуралары өзгертілді – ХҚКО сияқты «кедергісіз» үлгіде жасалды. Мұнда пациенттер электрондық жүйе арқылы дәрігерге жазылып, емханаға тіркеліп, қажетті консультация ала алады. Сонымен қатар, дәрігерлік қабылдауға телефон және интернет арқылы (egov электрондық үкімет порталы) жазылу мүмкіндігі туындады”, - делінген хабарламада.

Шұғыл жағдайдағы пациенттер үшін дәрігерлердің арнайы қабылдауы мен кіру есігі ұйымдастырылды. Балалар, жүкті әйелдер мен ересектер үшін жеке-жеке тіркеу орындары бар. Пациенттер ағымы 3 бағыт бойынша (шұғыл, жоспарлы, халықтың әлеуметтік-осал тобы) бөлінді. Пациенттердің дәрігерлерге алдын ала жазылуын енгізу пациенттің жеке уақытын жоспарлауға, олардың медициналық ұйымдарда өткізетін уақытын 1 сағаттан 15 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, анализдерді тапсыру кабинеттеріндегі кезекті азайту бойынша жұмыс реттелді, ол үшін жүкті әйелдер мен балалардың анализдерін аурулардың негізгі ағымынан бөлек қабылдау орындары жасалды.

Сонымен бірге, тегін дәрі-дәрмек рецептін алу жүйесі өзгертілді. Созылмалы аурулары бар диспансерлік пациенттер үшін 3 айлық мерзімге арналған рецептілер бір мерзімде берілетін болды, бұдан бұрын олар дәрігерге ай сайын қаралуы тиіс болатын.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының аясында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі еліміздің барлық емханаларында ағымдағы жылдың басынан бастап «Кезексіз емхана» имидждік жобасын жүзеге асырып келеді. Аталған жоба аясында емханалардағы кезекті азайту мақсатында ересек азаматтарды профилактикалық тексеруден өткізу процедураларын жеңілдету қарастырылған. Сонымен қатар, диспансерлік ауруларға жеңілдетілген дәрі-дәрмек беру процедураларын оңтайландыру қарастырылған.

 




Яндекс.Метрика