Ұлттың денсаулығы

«Нұр Отанда» денсаулық сақтау бағыты жөніндегі комиссияның жұмыс жоспары анықталды

«Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында Сайлауалды бағдарламаның «Денсаулық сақтау» бағыты жөніндегі комиссияның отырысы өтті.
Астана қаласы29 Маусым , 15:11

Комиссия мүшелері осы жылға арналған жұмыс жоспарын талқылап, сонымен қатар жаңа міндеттер мен басымдықтарды есепке ала отырып, қызметтің негізгі бағыттарын нақтылады, деп хабарлады партияның баспасөз қызметі.

«Партияның Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруды қамтамасыз етумен қатар, алдағы уақытта Комиссия миссиясы - партия Төрағасы атап айтқан партиялық бақылау, мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың орындалуына бақылау жасау, заңнаманы жетілдіру және Ұлт жоспары аясында қабылданған 59 заңның жүзеге асу барысына мониторинг жасау», - деп атап айтты ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, комиссия басшысы Зәуреш Аманжолова.

Отырыс барысында депутат денсаулық сақтау саласында тұтас жүйені реформалау – міндетті медициналық сақтандыруға, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту және отбасылық емдеу приницпіне көшу мәселелері өзекті екеніне тоқталды. «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша 2 көрсеткіш – өмір сүру жасын 73 жасқа дейін ұзартып, жалпы өлімді 10%-ға азайту бекітілді.

Сонымен қатар, З.Аманжолова партияның қоғамдық қабылдауына түсіп жатқан денсаулық сақтау мәселелеріне қатысты өтініштерге министрлікпен бірге тұрақты түрде талдау жасау қажеттігін атап өтті.

Отырысқа Мәжіліс депутаттары, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, Ұлттық экономика министрліктерінің, салалық ұйымдардың және ҮЕҰ өкілдері қатысты.

 


 

 




Яндекс.Метрика