Білім беру

20 жыл ішінде Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институты 2000-ға жуық отандық әскери авиаторды түлетіп ұшырды (ФОТО)

Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институтына әскери авиациялық мамандарды дайындайтын білім ошағы ретінде 20 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде институт 2000-ға жуық офицерді түлетіп шығарды, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Казахстан 29 Маусым, 09:26

Мемлекетіміздің құрылуы кезінде әскери авиаторларды дайындау Ақтөбе азаматтық авиация жоғары ұшу училищесінің базасында басталды. 1994 жылы училищенің жанында ӘӘК-нің әскери факультеті құрылып, курсанттардың алғашқы іріктелуі жүзеге асырылды.

1996 жылы ұшу училищесі Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов атындағы Ақтөбе жоғары әскери авиациялық училищесі болып қайта құрылды. Осы уақыттан бастап оқу орнындағы оқыту тек әскери мамандарды дайындауға баса мән берілді.

Қазақстан Қарулы Күштерінің авиациясына авиациялық мамандардың барлық спектрі қажет болуына байланысты, тек ұшқыштарды дайындайтын бұрынғы оқу орнымен салыстырғанда АВӘАУ-да мамандарды даярлау бірден 8, яғни, 4 инженерлік және 4 ұшу мамандығы бойынша дайындауды бастады.

Офицерлердің алғашқы шығарылымы 1998 жылдың 22 тамызында өтті. Оған Елбасы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. 2003 жылы училище Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институты болып қайта аталды.

Әскери оқу орнының құрылуының 20 жылы ішінде ұшқыш нұсқаушылар  Як-18Т, Ан-2, Ми-8, Л-39, Ан-26, Ес-145 сияқты әуе кемелерін игеріп, өздерінің пилотаждау тәжірибесімен бөлісе бастады. ЖОО-ның біршама түлегі әскери бөлімдерде авиациялық техниканың заманауи үлгілерін меңгерді. Олар әртүрлі елдердің Қарулы Күштері Әскери-әуе күштерінің әртүрлі халықаралық жарыстарында, сондай-ақ авиациялық өнер көрсетуде еліміздің намысын лайықты түрде қорғауда.

2012 жылы ӘҚК Әскери институты әскери-көліктік авиация мамандығына курсанттардың алғашқы іріктелуін жүргізді. Оқу үдерісін іске асыру мақсатында Әскери институттың иелігіне екі көліктік ұшақ берілді. Оқу орнының материалдық базасы да жетілдірілуде.

Әскери институт оқу-жаттықтыру ұшағының жаңа үлгісін алу және меңгеру кезеңінде тұрғанын, ал жеке құрам қойылған тапсырмаларды жоғары деңгейде орындауды көздеп отырғанын айта кетейік.

 





Яндекс.Метрика