Басқару

Г.Әбдіқалықова: Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы жүйелік деңгейде жүргізілуде

Бүгін Бас прокуратурада Зорлық-зомбылық профилактикасы бойынша ведомствоаралық кеңес өтті. Кеңес жұмысына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова, Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министр Кеңсесінің өкілдері, Парламент депутаттары, Әйелдер істері және отбасылық-демографиляық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшелері, өзге де мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, дипломатиялық корпус, халықаралық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, Бас прокуратураның жанындағы Консультативтік кеңес мүшелері және алдыңғы қатарлы бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.
Нұр-Сұлтан28 Маусым , 16:42

Кеңес барысында отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың профилактикасын күшейту жөніндегі шаралар, құқық қолданушылық тәжірибесінің проблемалары, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы заңнаманы жетілдіру перспективалары талқыланды.«Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы саласындағы заңнаманы әрі қарай жетілдіру бойынша жұмыс жүргізу қажет. Заң барлық тұрғындарға түсінікті болуы және әр адам үшін қалыпты норма болуы үшін қызмет ету керек. Біз әйел адамдарға медициналық, құқықтық, психологиялық көмек көрсету жөнінде мемлекеттік кепілдіктерді қалай нығайтатынымыз туралы айту үшін жиналдық», -деп атап өтті Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова.

Бас Прокурор күн тәртібіндегі мәселенің өзектілігіне тоқталды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық – ауыр әлеуметтік салдары бар проблема. Зорлық-зомбылық өз алдына тек жәбірленушілердің құқықтарын бұзып қана қоймай, өскелең ұрпақ үшін теріс үлгі болып келеді. «Көшедегі агрессияның да бір себебі - отбасындағы жағдай. Үйден ызамен шыққан адам өшін өзгеден алады. Адамдардың қоғамдық жерлердегі және көліктегі теріс қылықтары, көп жағдайда, отбасында болып жатқан жағдайлардың көрінісі», деді ол.

Статистика бойынша Қазақстанда отбасындағы зорлық-зомбылық сипатындағы қылмыстардың 90 пайызға жуығы әйел адамдарға қатысты жасалады, егде адамдар мен балалар зорлық-зомбылық әрекеттерге тап болатын жағдайлар да аз емес. Біздің мақсатымыз тұрғындардың сана-сезімін өзгертудің жаңа жолдарын іздестіру, осы проблемаға деген көзқарасты өзгерту.

Кейінгі жылдар ішінде елімізде осы саладағы заңдылықты нығайту бойынша заңнамалық және практикалық шаралар қабылданды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы заң қабылданды. Бұл заң зорлық-зомбылық құрбандарын қорғауды және отбасылық жанжалшыларға қатысты қылмыстық-процестік мәжбүрлеуді қамтамасыз ету мүмкіндіктерін едәуір кеңейтті. Соның арқасында отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстардың азаю динамикасына қол жеткізу мүмкін болды.

Алайда бұл проблема әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылық сол күйінде маңызды әлеуметтік проблема болып қалып отыр. Көптеген құқық бұзушылар жазасыз қалуда, ал зорлық-зомбылық фактілері айтылмаған күйінде тіркелмей қалады. Ресми статистика жәбірленушілердің полицияға шағымдануына кедергі келтіретін көптеген факторлар салдарынан жағдайдың нақты сипатын көрсетпей отыр.        

 

 




Яндекс.Метрика