Үкімет

ҚР Премьер-Министрі аймақтардағы еңбекақы төлемі мәселесін қарауды тапсырды

ҚР Үкіметінің келесі отырысында әкімдер аймақтардағы еңбекақы төлемі мәселелері жөнінде есеп беруі керек, деп мәлімдеді ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов ҚР Үкіметінің отырысында.
Нұр-Сұлтан28 Маусым , 11:54

«Жергілікті жерлерде еңбекақы мәселесі өткір болуы мүмкін. Соған сәйкес, Үкіметтің келесі отырысында әкімдер аймақтардағы еңбекақы төлемі мәселелері жөнінде толықтай есеп берулері тиіс. Яғни, бір аптаның ішінде барлық кәсіпорындармен жұмыс істеп, нақты ақпаратты беретін болулары керек. Қай жерде не болып жатыр, қандай шаралар қолдану керектігі толық пысықталсын»,-деп мәлімдеді ҚР Премьер-Министрі.

К.Мәсімов атап өткендей, әлемдегі экономикалық жағдайға байланысты аталмыш мәселе бақылауда болуы керек.

«Ірі тау-кен металлургиялық кәсіпорындар маған бірде-бір жұмысшының қысқармайтыны туралы және бір адамның да қысқартуға ұшырамайтыны жайында және еңбекақылары барлық жерде бірдей төленетіні жөнінде уәде берді»,-деді ҚР Үкіметінің басшысы.

Өз кезегінде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова ДСӘДМ аталмыш бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы қысқаша ақпарат берді.

«Жыл басынан бері мемлекеттік инспекторлар ел кәсіпорындарында 2,8 млрд. теңгенің ағымдағы қарызы барлығын анықтады. Дағдарысқа қарсы штабтың қолданған шарасының нәтижесінде ол қарыздың 2,4 млрд. теңгесі төленді. Бірақ, дағдарысқа қарсы аймақтық штабтардың мәліметтерінше, бүгінгі таңда еңбекақы қарызының жалпы сомасы 1,6 млрд. теңге. Оның 3 айға дейінгі қарызы 514 млн. теңгені құрап отыр. 3 айдан астам уақыт мерзімі өтіп кеткен қарыз 134 млн. теңгені құрайды. Ал, банкротқа кеткен кәсіпорындардың қарызы ең үлкені болып отыр.  Ол 955 млн. теңгеге жеткен»,-деп түсіндірді министр.

Т.Дүйсенованың айтуынша, қазіргі уақытта осы бағытта Бас прокуротурамен, Қаржы министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыс жүргізіліп жатыр. Аталмыш мәселеге қатысты толық мәлімет ҚР Үкіметінің келесі отырысында жеткізіледі.

Индира Қауметова




Яндекс.Метрика