Басқару

Г.Әбдіқалықова БАҚ өкiлдеріне Президент сыйлығы мен гранттарын тапсырды (ФОТО)

Ақордада ҚР Мемлекеттiк хатшысы Гүлшара Әбдiқалықова Байланыс және ақпарат қызметкерлерi күнi қарсаңында бiрқатар БАҚ өкiлiне Президент сыйлығы мен гранттарын тапсырып, алғыс жариялады.
Нұр-Сұлтан 27 Маусым, 11:56

 «Биыл ел өмiрiндегi ерекше белес. Бiз қастерлi Тәуелсiздiгiмiздiң 25 жылдық мерейтойын атап өтемiз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев егемендiктiң ең алғашқы кезеңiнен бастап отандық бұқаралық ақпарат құралдарының қалыптасуы мен дамуына ұдайы қолдау көрсетiп келедi. Мемлекет деңгейiндегi жүйелi шаралардың нәтижесiнде тәуелсiз елiмiздiң мүддесi мен баянды болашағына қызмет ететiн ұлттық баспасөзiмiз қалыптасты», - деп атап өттi өз сөзiнде ҚР Мемлекеттiк хатшысы Гүлшара Әбдiқалықова.

Оның айтуынша,  ширек ғасыр iшiнде Қазақстан журналистикасы қоғамдағы татулық пен бiрлiктiң ұйытқысы, биiк парасат пен адамгершiлiк құндылықтарды халыққа жеткiзушi қуатты құралға айналды.

Бұқаралық ақпарат құралдары мемлекетiмiздiң iргесi берiк, келешегi кемел болуына, ең бастасы, ел дамуының маңызды құжаттарының бiрi – «Қазақстан – 2050» стратегиясының лайықты iске асырылуына атсалысып келедi.

Биыл ақшалай жүлденiң жалпы қоры 8 млн 485 мың теңгенi құраған. Президент сыйлығының лауреаттарына 3 млн теңгеден және алтын төсбелгi, ал грант иелерiне 1 млн 242 мың теңгеден тағайындалды.

Сонымен, Мемлекет басшысының өкiмiмен Президент сыйлығына «Түркiстан» газетiнiң бас редакторы Шәмшидин Паттеев және «Казахстанская правда» республикалық газетiнiң саясат бөлiмiнiң редакторы Владимир Курятов ие болды.

Ал «Хабар» агенттiгiнiң тiлшiсi Мұхтар Ыбрайымов пен «Свобода слова» қоғамдық-саяси апталығының тiлшiсi Вера Ляховскаяға грант тапсырылды.

Бұдан бөлек, «Дойче Альгемайне Цайтунг» газетi, «Сыр медиа» ЖШС, «Қазақ радиосы» және «РИКА-ТВ» телекомпаниясы шығармашылық ұйымдарына Президент алғысы жарияланды.

Сурет: Бауыржан Жуасбаев





Яндекс.Метрика