Көліктік-логистикалық жүйенің дамуы

Мемлекет басшысы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ президентін қабылдады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ президенті Асқар Маминді қабылдады,деп Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Астана қаласы26 Қараша , 17:08

«А.Мамин компанияның 2016 жылға қарай Қазақстанның өңірлік көлік-логистика хабы ретінде қалыптасуына бағытталған қызметі жөнінде хабардар етті», - делінген хабарламада.

Мемлекет басшысы 2014 жылы пайдалануға беру жоспарланған Жезқазған – Бейнеу және Арқалық – Шұбаркөл  жаңа теміржол желілерін іске қосудың маңыздылығын атап өтті. Олар Шығыс – Батыс және Солтүстік – Оңтүстік бағыттарындағы халықаралық көлік дәліздерін үйлестіруді оңтайландырып, Достық – Ақтау бағытындағы арақашықтықты 748 шақырымға қысқартуға тиіс.    

«ҚТЖ» ҰК» АҚ басшысы «Қазақстан – жаңа Жібек жолы» ауқымды бағдарламасын іске асыру туралы айтты, оның аясында транзит әлеуетін арттыруға, ішкі және шетелдік көлік-логистика жүйесін қалыптастыруға бағытталған ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылатын болады.

Қазіргі уақытта Қазақстан арқылы Еуропа-Азия бағыты бойынша  контейнерлік 14 шаттл-пойыз тұрақты түрде жүріп тұрады. 2014 жылдың басында Қытай – Орталық Азия және Қытай – Еуропа бағыттары бойынша тағы 3 контейнерлік пойыз ұйымдастыру жоспарлануда.

А.Мамин екі жылда Қазақстанда жекеменшік сектордың қатысуымен көлік-логистика орталықтарының желісі толық қалыптастырылатынын мәлімдеді. Сондай-ақ, 2014 жылы солтүстік бағыттағы Ақтау теңіз портын дамыту жобасы аяқталады. 

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы қаралған мәселелерге қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.




Яндекс.Метрика