Инфрақұрылымды дамыту

Биыл ақылы көлік жолдарының құрылысы басталады

Биыл Қазақстанда "Астана-Теміртау" және "Алматы - Қапшағай" ақылы көлік жолдарының құрылысы басталады, деп хабарлады ҚР Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев. Бұлар бүгінде интенсивтілігі жағынан аталған жобаны жүзеге асыруға сай келетін жолдар, сондықтан да біз оларды биыл іске қосамыз деп үміттенеміз”, - деді А. Жұмағалиев.
Казахстан24 Қаңтар , 00:00

Министрдің айтуынша, автокөлік жолдарын пайдаланғаны үшін ақы төлеу жүйесі  «Астана-Щучье» автомагистралінде ілкі жоба ретінде жүзеге асырылған. “Біз мамыр айына дейін ақы төлеу жүйесіне талдау жасап, мамыр айына қарай тікелей қажетті қаржы жинау жұмысын бастаймыз", - деп түсіндірді Көлік министрлігінің басшысы.

Автожолдарды күтіп ұстау шығыны өте үлкен, бұған бюджет қаржысының жетпейтіні айдан анық. "Біздің есептеулеріміз бойынша, құрылатын  бір желіге ғана 45 млрд теңгедей қаражат қажет, ал бүгінде бюджеттен бөлінетін қаржы жетімсіз", - деді министр.

Сондықтан, оның айтуынша автокөлік жолдарын қаржыландыруды тек республикалық бюджет есебінен ғана емес, инфрақұрылымдық облигациялар, зейнетақы қорлары мен жеке инвестициялар арқылы да іске асыру көзделуде. "Бұл үшін бүтіндей бір тетік ойластырылды", - деді ведомство басшысы.

Жалпы, ККМ басшысы автокөлік жолдары саласындағы жөндеу жұмыстарының оң динамикасын атап өтті. Осылайша, 2012 жылы 5, 8 мың км автокөлік жолы жөндеу жұмыстарының барлық түрімен қамтылған, оның ішінде жөндеу жұмыстарымен қамтуреспубликалық желі бойынша - 5%, жергілікті желі бойынша- 18% ұлғайтылған, осы жүргізілген  жұмыстардың арқасында көлік жолдарының жағдайы 4% жақсарды.

Бұдан басқа, ҚР жол құрылысы транзитті  20%-ке - 960 мың тоннадан 1,15 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік берді. «Үстіміздегі жылы 422 км жол бірінші санатқа ауыстырылды, бұл бірінші санатқа ауыстырылған барлық жолдың 40% құрайды. Бірінші санатқа осылай ауыстыруды жалғастыра беру керек, себебі жолдағы өлім-жітім азаяды. "Астана-Щучье" жолы өлім-жітімнің 2 немесе 3 емес, бірден 8 есеге азайғанын көрсетті. Мұндай жолдарды салу өте қажет", - деп атап өтті министр.

Ол сондай-ақ «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жобасын жүзеге асыру барысы туралы да ақпарат берді, онда осы жылы 700 км жолдың құрылысы аяқталған, 35 мың адам жұмыс істеп, 4 мың бірлік  арнайы техника тартылған.

Министр автокөлік жолдарын реформалау үрдісі жүріп жатқанын да айтып өтті. Онда Көлік және коммуникация министрлігі стратегиямен, ал Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылатын ұлттық оператор тікелей автокөлік құрылысымен  шұғылданатын болады.




Яндекс.Метрика