Жастарға үндеу

Мәдина Төлеуова: «Болашақ» бағдараламасы – болашақтың іргетасы

Болашақтықтар – еліміздің бетке ұстарлары, шет елдердің алдында еліміздің мақтанышы, дейді «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің «Астана қалалық дипломатиялық корпустың қызмет көтсету басқармасы» АҚ хаттама мен сыртқы байланыс бөлімінің бас маманы Мәдина Төлеуова «strategy2050.kz» порталына берген сұхбатында.
Астана қаласы26 Қараша , 11:01

- «Болашақ» бағдарламасының сіз үшін маңызы қандай?

- «Болашақ» бағдарламасын бірінші кезекте мен кісінің өзін өзі тұлға ретінде қалыптастыратын мүмкіндік ретінде көремін. Осы бағдарлама арқылы жастарымыз бойындағы білім мен дарындарын шыңдап, биіктерге қол жеткізді. «Болашақ» - болашақтың іргетасын құратын бірден бір бастама. Айта кету керек, Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың құрған бағдарламасы қазірден бастап өз жемісін беріп жатыр. Шет елдерден сапалы білім алып келген жас мамандар еліміздің түрлі салаларында тың идеямен, жаңашылдықпен еркін еңбек етіп жатыр.

- Бағдарламаға қатысуыңызға не түрткі болды?

- Басты мақсат – білім алу. Әкем әрқашан маған кісінің күші оның білімінде екенін айтатын. Білім адам баласының көзін ашып, алдына жаңа мүмкіндіктер ұсынады. Сапалы жоғарғы білім қазіргі қоғам үшін ең басты құндылық. Ол ешқашан өз құнын жоймақ емес.

Ал Қытайда білім алуға келер болсақ, ол менің жеке таңдауым еді. Экономикалық көрсеткіштер бойынша Қытай қазіргі таңда әлемдік көшбасшыға айналып бара жатқаны анық. Ал бұл елдің экономика саласындағы тәжірибесін біз өз елімізге де енгізуіміз керек. Білім беру жүйесі мен сапалы ғылымдары әлемдік талаптарға сай келетіні белгілі. Білім беруде олар заманауи технологиялар мен өзге де игіліктерді тиісті дәрежеде қолданады. Соның ішінде олар студенттің өзінше атқарған еңбегі мен жеке жұмыстарына көп мән береді.

- Оқу кезінде қандай да бір қиындықтармен кездескен кездеріңіз болды ма?

- Батапқыда қытай тілін игеру тұрғысынан оқу барысының қиындық тудырғаны жасырын емес. Көптеген сабақтарды жергілікті студенттермен бірігіп оқыдық. Ал сабақ таңғы 8-ден кешкі 10-ға дейін болатынын есептесеңіз, әрине, оңайға соқты дей алмаймын. Алайда мен қиындыққа қарсы тұрып, алға қойған мақсатыма жету жолында аянбай еңбектендім. Тек қана білім алып қоймай, қосымша мүмкіндіктерге де қол жеткізу үшін барымды салдым.

Өкінішті бір жағдай, Қазақстан туралы көпшілік білмейтін болып шықты. Осыны көрген мен Шанхай студенттерінің арасында Қазақстанның бай тарихы мен қазіргі әлемдегі оның рөлін таныстыру мақсатын қойдым. 2008 жылы құрамында 115 елдің 2500 студенті бар шет елдердің студенттері кеңесіне байқау негізімен Президент болып сайландым. Сөйтіп, 2009, 2010, 2011 жылдары қайталанып сайланып отырдым. Ал 2012 жылы Шанхай қаржы-экономикалық университеті ректорының қаулысымен уәкілеттілігім тағы ұзартылды. Осы жылдар аралығында университет қабырғасында бірнеше рет халықаралық мәдениет күнін ұйымдастырдым. Аталмыш мереке аясында қазақ елінің дәстүрі мен салты таныстырылды. Сонымен қатар қаншама спорттық және мәдени шараларды ұйымдастыруға мұрындық болдым. 2010 жылы Шанхай үкіметінің стипендиясына қол жеткіздім. Осылайша университетті сәтті аяқтағаннан кейін шет елдкік студенттер кеңесінің құрметті президенті және Шанхай қаржы-экономикалық университетінің үздік түлегі атағын алдым.

Мен өзімнің елімді мақтан тұтамын. Ұлттың болашағы жолында тер төккен Елбасына құрметім орасан.

- Оқуды тәмамдағаннан кейін жұмыс жағы қалай болды?

- Университетті аяқтағаннан кейін бірден «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-на жұмысқа орналастым. Осы жерде ұйым басшылығының ұтқыр саясатының арқасында жоғары білікті мамандар еліміздің жас талапкерлерін шет елдерде оқытуға мүмкіндік жасайтынын өздеріңіз де білесіздер. ҚХР, Корей Республикасы мен Украинадағы стипендиаттардың кураторы болып еңбек еттім. Сондағы менің алғашқы жетекшілерім Саясат Нұрбек пен Әсет Қуандықұлы болды. Сол бастықтарым мен өзге де әріптестерімі Орталықта жүріп үйренгендерім үшін шексіз алғыс білдіремін. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің «Астана қалалық дипломатиялық корпусының қызмет көрсету басқармасы» АҚ-да қызмет етемін. Жұмысым өте қызық және белсенділікті талап етеді. Қазақстандағы дипломатиялық корпустармен кездесу шараларын өткіземін. Конфуцийдің былай дегені бар: «Өзіңе ұнаған жұмысты тауып ал, сонда сен бір күн де жұмыс істемейсің». Мен қазір өзіме ұнаған жұмыстамын деп сенімді айта аламын.

- Кейінгі толқын болашақтықтарға қандай тілегіңіз бар?

- Ең бастысы – Отан алдындағы жауапкершілікті толық сезіне білу. Шыдам мен қажырлы еңбек сәттіліктің кілті. Біз Отанымыздың айнасымыз. Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» стипендиясын ие болған кез келген студент өзге елдердің алдында еліміздің айнасы саналады. «Отан», «борыш», «отбасы» ұғымдары біз үшін ең басты құндылық. Осы құндылықтарға адалдық таныту үшін сапалы білім алу керек.




Яндекс.Метрика