Су ресурстарына қатысты саясат

Астанада сарапшылар су ресурстарын басқару бағдарламасының құрылысын талқылады

Астанада ҚР қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің Су ресурстары комитетіне бағынысты кәсіпорындардың басшыларына арналған семинар-тренинг өтті, деп Қоршаған орта мен су ресурстары министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Астана қаласы26 Қараша , 09:55

«Семинар Қазақстан Республикасының «жасыл» экономикаға көшуі жөніндегі Тұжырымдаманы іске асыру үдерісіне ақпараттық қолдау көрсету және су ресурстарын басқару саласындағы жаңа технологиялармен таныстыру мақсатында ұйымдастырылды», - делінген хабарламада.

Семинарға ҚР ҚОСРМ жауапты хатшысы  Анатолий Дерновой мен Латвияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Юрис Маклаковс қатысты.

Қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде А. Дерновой Елбасының Үкімет және министрліктің алдына су ресурстары саласының проблемаларын 2050 жылға дейін толықтай шешуге байланысты қойған міндеттемелерін іске асыру үшін ең алдымен сектордың мемлекеттік басқару жүйесін нығайту қажеттігін атап өтті. Ведомствоның Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі болып қайта ұйымдастырылуы – осы бағыттағы іс-қимылдың бастамасы ретінде қарастырылу керек.  

Латвияның Қазақстандағы Елшісі Юрис Маклаковс екі елдің «жасыл» экономика саласындағы ынтымақтастығының мүмкіншіліктері жайлы баяндады. «Vega I» компаниясының өкілдері су секторында «жасыл» технологияларды енгізу бойынша жинақтаған тәжірибесімен бөлісті.

Семинар аясында «Казгидроводхоз» РМК басшыларының, сондай-ақ халықаралық сарапшыларының қатысуымен су ресурстарын пайдалану мәселелері талқыланған  «дөнгелек үстел» отырысы өтті. Отырыс барысында су ресурстарын басқару бағдарламасын әзірлеу, «жасыл» технологияларды енгізу және суды тиімді пайдалану  мәселелері қарастырылды.    




Яндекс.Метрика