Білім беру

4 мыңнан астам ұстаз орта білім мазмұнын жаңарту аясында біліктілігін арттырады

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-мен және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-мен бірлесе отырып, 2016 жылғы 30 мамырдан бастап Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту аясында еліміздің педагогтерінің біліктілігін арттыру курсын бастайтыны туралы хабарлайды.
Астана қаласы30 Мамыр , 19:48

Білім және ғылым министрлігі хабарлағандай, орта білім мазмұнын жаңарту бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру курстарының мазмұны мына мәселелерді қамтиды:пәнаралық ықпалдастық;оқытудан күтілетін нәтижелер;үздіксіз оқу;қызметтік тәсіл;минимакс ұстанымы;саралап оқыту;оқу жетістіктерін бағалау жүйесі;үштілдік оқыту;шығармашылықты дамыту;психологиялық жайлылық.

Оқу курстарының бұл кезеңінен бастауыш сыныптардың, қазақ, орыс тілдерінің (екінші тіл ретінде), ағылшын тілі, өнер мен технология, музыка және дене шынықтыру пәндерінің 4187 мұғалімдері өтеді.

Жалпы 2016 жылы 54 036 педагогті оқыту жоспарлануда, оның ішінде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы базасында – 14 874 мұғалім, ал «Өрлеу» БАҰО» АҚ базасында – 32 162 мұғалім оқытылады.

Курстарды сертификатталған тренерлер жүргізеді. Бағдарламалар  педагогтердің тиісті жоғары кәсіби білімі және педагогикалық жұмыс тәжірибесі ескеріліп арнайы дайындалған.

Курс аясында педагогтер оқыту мен оқудың әлемдегі өзекті әдістемелерімен, критериалдық бағалау жүйесімен танысады.

Әрбір тыңдаушыға Педагогикалық шеберлік орталығының www.cpm.kz білім беру порталына қолжетімді онлайн-материалдары бар оқу-әдістемелік кешен беріледі.

Курс аяқталған соң мұғалімдер курстардың өткізілетін орындары бойынша республика өңірлерінде онлайн режімінде тестілеуден өтеді. Тестілеу тапсырмалары қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ әзірленген. Тестілеу нәтижелерін өңдеу және тапсыру автоматты түрде өткізіледі.




Яндекс.Метрика