Халықаралық интеграция

Елбасы: АХҚО-ны құру арқылы 40 млрд доллар тартуға болады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 29-пленарлы отырысында АХҚО құру арқылы еліміздің экономикалық әлеуетін көтеруге болатындығын атап өтті.
Астана қаласы27 Мамыр , 13:26

«Астана» халықаралық қаржы орталығын құрудың нәтижесінде алдағы он жылдың ішінде 40 млрд АҚШ долларын тартуға болады. Орталық аясында 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, халықаралық қаржы орталығында Торонто биржасы үлгісінде жер қойнауын пайдаланушылардың алаңын құру жоспарланып отыр. Ол жерде әрбір компания өз жобаларын дамыта алады», - деді Н.Назарбаев .

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы әлемнің көптеген елін жобаға тарту жоспарланып отырғандығын атап өтті.

«АХҚО аясында визасыз жұмыс істейтін мемлекеттердің санын арттыру жоспарланған. Қазір ондай елдердің саны 35 болса, бір-екі жылдан кейін олардың саны 54-ке дейін жетеді. Негізгі мақсат – ел экономикасына шетелдік қаржыны көптеп тарту», - деп мәлім етті Президент.

Жиын барысында шетелдік компаниялардың басшылары өз ұсыныстарын  ортаға салды. Олардың пікірінше, қаржыны Астанаға алып келу үшін орталықта мықты сот жүйесі болуы қажет. Ал арбитраждың шешімдері тек Қазақстан аймағында ғана емес, шетелде де іске асатындай дәрежеде болуы керек. «Сол кезде шетелдік инвесторлар қорықпай, өз инвестицияларын алып келе алады», - деді инвесторлар.

Шетелдік инвесторлар кеңесінің кезекті отырысын Астанадағы ЭКСПО-2017 көрме қалашығында өткізу жоспарланып отыр. Елбасы Н.Назарбаевтың ұсынысымен оның тақырыбы «Жаңа энергетика» деп белгіленді.

 

 




Яндекс.Метрика