Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, «Астана» халықаралық қаржы орталығы аясында визасыз жұмыс істейтін мемлекеттердің санын арттыру жоспарланған. «Қазір ондай елдердің саны 35 болса, бір-екі жылдан кейін олардың саны 54-ке дейін жететін болады. Негізгі мақсат – ел экономикасына шетелдік қаржыны көптеп тарту», - деп атап көрсетті Президент.
Айта кеткен жөн, Президент жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесі 1998 жылы консультативтік орган ретінде құрылған болатын. Аталмыш кеңес елімізде жұмыс істейтін инвесторларға Президент және Үкіметпен тікелей диалог орнатуға мүмкіндік беретін алаң іспетті. Биылғы отырысқа Еуропа қайта құру және даму банкі, Chevron, ERG, Metro Cash&Carry, JP Morgan & Co., Citigroup, Baker & McKenzie, Ernst & Young, Lukoil және тағы басқа компаниялар мен халықаралық ұйымдардың басшылары қатысты.
Анар Тәңірқұлова