Басқару

Елбасының IX Астана экономикалық форумында сөйлеген сөзі (Толық мәтін)

Ақорданың баспасөз қызметі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың IX Астана экономикалық форумында сөйлеген сөзін жариялады.
Астана қаласы26 Мамыр , 18:16

Құрметті Астана экономикалық форумына қатысушылар мен қонақтар!

Бүгінгі форумға қатысу үшін баршаларыңыздың уақыт бөліп, біздің елді құрметтеп, қонақжай қазақ жеріне келгендеріңіз үшін шын жүрегімнен ризашылығымды білдіремін!

Астана экономикалық форумы сан түрлі мәселелерді талқылап, нақты шешімдерді қарастыратын маңызды шараға айналды. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Экономикалық Ынтымақтастық және Даму Ұйымы, Дүниежүзілік Сауда Ұйымы сияқты жаһандық халықаралық ұйымдар мен Дүниежүзілік Банк, Еуропаның Қайта құру және Даму Банкі, Азия Даму Банкі сияқты халықаралық қаржы ұйымдарының өкілдері – форумның тұрақты қонақтары. Биыл қатысушылар қатарын Халықаралық Валюта Қоры, Боао экономикалық форумы сияқты беделді ұйымдар толықтырды. Сондай-ақ The Economist, Financial Times сияқты әлемге әйгілі экономикалық басылымдар  өкілдері де келіп отыр. Дүние жүзіне танымал ғалымдар, Нобель сыйлығының лауреаттары, әлемдік инвесторлар, Американың,  Еуропа мен Азияның ірі корпорациялары қызметкерлері де форумға қатысуда.

Қазақстан экономикалық және әлеуметтік даму туралы, өңірдің және тұтас әлемнің әл-ауқаты мен өркендеуін қамтамасыз ету жөніндегі сындарлы идеялар мен көзқарастарды талқылауға әрдайым әзір. Биыл біз іргелі тақырып – жаңа экономикалық нақты ахуалды қарастырамыз. Жаңа нақты ахуалдың қандай болатыны біздің таңдауымыз бен әрекетімізге тікелей байланысты. Бұл күндері мен осы форумның аясында дүние жүзінің көп ғалымдарымен, саясаткерлер және экономистермен кездестім. Қазақстандағы жағдайды, біздің ұстанымды шараларымызды қалай бағалайтыны, қандай кеңес беретіндері туралы пікір алмастық. Бұл біз үшін өте пайдалы және маңызды мәселелер еді. Дағдарысқа қарсы біз жүргізіп жатқан жұмыстардың барлығына дұрыс баға беріп, қолдағандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін.

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Біздің бәрімізді жаһандық экономикада не болып жатқаны қызықтырады. Сіздердің көпшілігіңіз әлем жаңа экономикалық циклға еніп келе жатыр деген тұжырыммен келісетін шығарсыздар деп ойлаймын. Біз даму үшін жаһандық экономикаға тұрақты да берік негіз табудың сәті келмей отырғанын көріп отырмыз. Өсу қарқыны бірнеше жылдан бері баяулау үстінде. 2015 жылы әлемдік ІЖӨ небәрі 3,5%-ға ғана ұлғайды – бұл дағдарыстан кейінгі ең нашар көрсеткіш. Шикізат ресурстарының бағасының құлдырауы экспорттаушы елдердің табысын азайтты және сонымен бір мезгілде импорттаушы елдерге дефляциялық қысымды күшейтті. Нәтижесінде бәрі де ұтылды.

2015 жылы дамушы рыноктардан капиталдың кері қайтуы 750 миллиард доллардан асты. Нәтижесінде бұл елдердегі өсім айтарлықтай баяулады. Сонымен бірге дамыған елдерге капиталдың келуі қосымша өсімді қамтамасыз еткен жоқ. Бұл капиталдың елеулі бөлігі жаңа өнімді инвестициялауға емес, бір-біріне қосылу мен бір-бірін жұтып қою мәмілелеріне бағытталды. Бұл дисбаланстың кенеттен пайда болмағанын, ұзақ жылдар бойы қордаланып келгенін түсінудің маңызы зор. 2008 жылы жаһандық «қаржы көбігі» жарылғаннан кейін олар киіп-жарып сыртқа шықты.

Проблеманың мәніне назар аударуды ұсынамын. Соңғы 30 жыл бойына біз бұрын-соңды болмаған жаңғырулардың куәгері болдық. Әлемдік экономика жедел қарқынмен өсті және жаһанданудың арқасында ол өсім іс жүзінде бүкіл әлемге тарады. Тарихта алғаш рет дамушы рыноктар бірінші орынға шықты. Тек соңғы 15 жылда ғана дамушы елдердің жиынтық ішкі жалпы өнімі 4 еседен астамға артты, олардың жаһандық экономикадағы үлесі екі еселенді және 2015 жылы шамамен 40%-ды құрады. Жан басына шаққандағы ІЖӨ көрсеткіші бойынша дамыған және дамушы мемлекеттер арасындағы айырмашылық 20-дан 9 есеге дейін қысқарды. Осы елдерде 6 миллиардтан астам адам өмір сүретінін ескергенде, бұл – өте маңызды жетістік. Дегенмен, әлемдік экономиканың ырғақты өсімі толыққанды дамуға трансформацияланған жоқ.

Экономикалық тиімділіктер тепе-тең тараған жоқ. Қаржының үлкен көлемі дамушы елдерден шығарылды да, олар қайта инвестицияланбады. Табыстарды бөлудегі теңсіздік орасан зор қарқынмен өсті. Неғұрлым ауқатты азаматтар өз дәулеттерін еселеп ұлғайтып жатқанда, орта таптың тұрмыс деңгейі іс жүзінде өзгеріссіз қалды.

Кедей елдердегі адам капиталының дамуы жаңа экономика талаптарынан едәуір артта қалып қойды. Мәселен, бұл өңірлерде бүкіл әлем балаларының 45%-ы өмір сүретініне қарамастан Оңтүстік-Шығыс Азия мен Африканың дамушы елдеріне әлемдік білім беру шығындарының тек 3,5%-ы ғана тиесілі. Бұл мемлекеттерде 50 миллиондай бала мүлде мектептерге бармайды, 250 миллион оқушы қарапайым сауаттылықтан ада.

Тиімді нарық институттарын құруға бағытталған құрылымдық реформалар мейлінше баяу жүргізілді. Бүгінде әлемді, сарапшылардың пайымдауынша, төртінші өнеркәсіптік революцияға бастайтын терең технологиялық жаңғырулар қамтып отыр. Экономикалық дамудың негізінің өзі түбірлі түрде өзгеруде. Біз «ресурстар экономикасынан» «білімдер мен инновациялар экономикасына» түпкілікті көшудеміз. Сонымен бірге, көптеген дамушы елдерде өсім үшін ішкі әлеует қалыптасқан жоқ. Бұл, менің пайымдауымша, жаһандық экономиканың ұзақмерзімді тұрақтылығына нұқсан келтіретін іргелі проблема.

Құрметті форумға қатысушылар!

Біз бүгінде әлдебір жолайрықта тұрмыз, және одан арғы жаһандық дамудың қандай жолмен жүзеге асатындығы көбіне-көп бүкіл әлем қоғамдастығының үйлесімді іс-қимылына байланысты болмақ. Оқиғалардың әрі қарай дамуы ықтимал сценарийлердің бірі – әлемдік экономиканы фрагменттеу. Қазіргі уақытта үкіметтер мен орталық банктерде экономикалық белсенділікті жандандыру үшін мүмкіндіктер барған сайын азая түсуде. Мұндай жағдайда протекционизмге салынып, сыртқы әлемнен бой тасалауға қарай елігушілік өте зор. Біз қазірдің өзінде мұндай саясаттың көптеген жекелеген мысалдарын көріп отырмыз. Ол жеке сауда блоктарын құруға, капиталдың қозғалуына шектеулер енгізуге, өзара санкцияларға, сауда үшін кедергілерді ұлғайтуға қатысты. Менің пайымдауымша, бұл – ұзақ мерзім бойы бүкіл елдерге нұқсан келтіретін, ал өзінің радикалдық фазасында бүкіл әлемдегі текетірестердің ұлғаюына соқтыратын тұйық жол.

Барлығы әскери, экономикалық және саяси блоктарға бөлінген «қырғи-қабақ соғыс» кезеңі күні бүгінге дейін менің есімде. Онда дұрыс бәсекелестік идеологиясы, яғни «өзің үшін жақсы жасау» идеясы «көршіңе жамандық жасау» текетіресімен алмастырылды. Тек «темір перде» ысырылғаннан кейін ғана әлем еркін тыныс алып, халықаралық экономика өсе түсті. Кейін шегінуге және осы жетістіктерді жоғалтуға жол беруге болмайды.

Жаһандану табиғи және бұлжымас үдеріске айналды. Қазіргі заманғы әлемде сенің төңірегінде тұрақсыздық, соғыстар мен күйзелістер болған жағдайда елдердің әл-ауқатын қамтамасыз етуге болмайтынын Еуропалық одақтағы босқындарға қатысты дағдарыс іс жүзінде көрсетіп берді. Мен бізге басқа жолды – экономикалық өсім әр елдің дамуына және тұрғындарының әл-ауқатының артуына тиімді трансформацияланатын «инклюзивті жаһандану» жолын таңдау қажет деп есептеймін. Әлемдік экономиканың осындай өсімі ғана тұрақты бола алады және біз соған ұмтылуға тиіспіз. Бұл – жаһандық деңгейде бірлескен күш-жігерді және ұлттық экономикалар деңгейінде іс-қимылдарды үйлестіруді талап ететін трансформацияланудың ұзақ, күрделі және ауыр жолы.

Мен өсім әлеуетін қалыптастыруы мүмкін бірқатар жаһандық бастамаларды көріп тұрмын.

Біріншіден, біз дамушы және ең кедей елдердегі адами капиталдың дамуына басты назар аударуымыз керек. Ешқандай мемлекет сауатты, білімді, дені сау және іскер адамдарсыз дами алмайды. Біз білім беру мен денсаулық сақтаудың тиімді жүйесін құрудың қаншалықты қиын екенін өз тәжірибемізден білеміз – бұл шыдамдылықты, білімді және үлкен инвестицияларды қажет етеді. Мен Қазақстан бұл салаларда жақсы алға басты деп есептеймін. Дегенмен, бұл істің сәті түспеген көптеген елдер де бар. Осы проблеманы шешу үшін БҰҰ қолдауымен Адами капиталды дамыту қорын құруды ұсынамын. Ең кедей елдердегі білім беру мен денсаулық сақтау сапасын жақсарту оның басты міндеті болуы тиіс. ЮНЕСКО-ның мәліметтері бойынша, кедей елдердегі жалпыға бірдей базалық білім беруді қамтамасыз ету үшін жылына шамамен 50 млрд доллар қажет. Бұл проблеманы тек халықаралық қоғамдастықтың бірлескен күш-жігерлері арқылы ғана шешуге болады.

Екіншіден, экономикалық өсім қайта қордаланып отыруы үшін, яғни алыпсатар қаржы салаларына аударылып кетпей немесе оффшорлық аймақтарда қалып қоймай, кірістер жаңа өндірістерге, білім беруді, денсаулық сақтау мен инфрақұрылымды дамытуға қайта инвестициялануы үшін барлық жағдайды жасау керек. Бүгінде, сарапшылардың бағалауынша, оффшорлық есепшоттарда 30-дан 40 триллион долларға дейін сақталуда. Осы активтерге жаһандық салықтың бір пайызын ғана енгізудің өзі дамушы елдердегі білім беру мен денсаулық сақтауды жаңа сапалы деңгейге көтеруге жағдай жасар еді. Ол салықтан түсетін қаржыны жоғарыда аталған Адами капиталды дамыту қорына бағыттауға болады. Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк жаһандық экономиканы оффшорсыздандыру бойынша пәрменді шаралар ұсынуы керек.

 Үшіншіден, бүгінде экономикалық пайда табу үшін жанталасу кезінде қоршаған ортаның кешенді мәселелері назардан тыс қалуда. Климаттық өзгерістерге қарсы іс-қимыл жөніндегі жаһандық бастаманың маңызы да өте зор, бірақ, басқа да проблемаларды ұмытуға болмайды. Париж келісімінің базасында «жасыл» экономиканы дамытудың жол картасы мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану жөніндегі келісімшарт жасауды ұсынамын. Ол ауаға зиянды қалдықтарды шығаруды азайтып қана қоймай, жерді, тұщы суды, биоортаны сақтау жөніндегі шараларды қарастыруы қажет. Оның үстіне жауапкершілікті тек елдер ғана емес, сондай-ақ, жаһандық корпорациялар да мойындарына алулары тиіс. Өткен жылы оның орнына келген Киото хаттамасы мен Париж келісімі елдерге СО2 шығарындыларын азайту жөніндегі міндеттемелер қалыптастырады. Сонымен бір мезгілде, су ресурстары, биоортаны сақтау, жердің тозуына жол бермеу, табиғатты тиімді пайдалану мәселелері тек ұлттық және өңірлік деңгейлерде шешілуде. Осы мәселелер бойынша жаһандық диалог жоқ. Бұдан бөлек, қолданыстағы барлық пішімдер елдердің қатысуын қарастырғанымен, ТҰК те ірі табиғат  пайдаланушы болып табылады.

Төртіншіден, әр елдің ұлттық деңгейде ауқымды құрылымдық реформалар  жүргізгені маңызды.

Қымбатты достар!

Қазақстан – жас мемлекет, үстіміздегі жылы біз тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өтеміз. Ширек ғасыр бедерінде біз картада жоқ мемлекеттен табысы орташа деңгейлі, әлемдегі бәсекеге аса қабілетті 50 елдің құрамына енген мемлекеттің жолын жүріп өттік. Осы кезеңде біз әкімшіл-әміршіл басқарудағы мешеу қалған экономикадан ашық нарықтық экономикаға өтуге толық қол жеткізе алдық. Қайта жаңғыртулар өте қиын жүрді және жанға бататындай болды, әлі көп нәрсе істеу керек. Алайда, жүргізілген реформалардың басты нәтижесі азаматтарымыздың әл-ауқатын түбегейлі жақсарту болды.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның ішкі жалпы өнімі доллармен есептегенде 20 есе, орташа еңбекақы 17 есе өсті. Шамамен 2 миллион жұмыс орны ашылды. Серпінді экономикалық өсім жағдайында біз табыстарда соншалықты бір айырмашылықтарға жол бермедік. Кедейшілік айтарлықтай  азайды. Егер 90-шы жылдардың басында әрбір үшінші адам Қазақстанда кедейшілік шегінің арғы жағында өмір сүрсе, бүгінде кедейшілік деңгейі 3%-дан да төмен.

Экономикалық өсім өрлеп тұрған кездің өзінде де біз жалпыға бірдей тұтыну үрдісіне жол бермедік. Біз үшін адами капиталға инвестициялар салу, инфрақұрылымдарды дамыту, индустрияландыру және қазақстандықтардың болашақ ұрпағы үшін қор жасау басты басымдықтар болды және болып қалып отыр. Тәуелсіздік жылдарында шамамен 1400 мектеп пен 1300 денсаулық сақтау нысандары салынды. Тәуелсіздік жылдарында әлеуметтік сала шығындары ІЖӨ-нің 6%-ынан 10%-ынан астамға дейін өсті. Қазақстандықтардың орташа өмір жасы 72-ге ұлғайды. 100 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, халықтың баспанамен қамтамасыз етілуі бір жарым есеге ұлғайды. Республикалық маңызы бар 10,5 мың шақырым автомобиль жолы салынды және жөнделді. Индустрияландыру бағдарламасы бойынша 6 жылда 3,8 триллион теңгеге 900 жоба қолданысқа енгізіліп, 85 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Елдің халықаралық резервінің көлемі, Ұлттық қор қаржыларын қоса алғанда, 95 миллиард долларды құрап, ІЖӨ-нің 50%-ына дейін артты.

Біз жетекші трансұлттық корпорациялармен тиімді ынтымақтастықты жолға қоя білдік. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға 255 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл – елімізге және жүргізіліп жатқан реформаларға деген сенімнің көрсеткіші.

Қазақстан қашанда интеграция мен өзара іс-қимылдың жақтаушысы болып келді, Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясын қолдады. Бүгінде ЕАЭО ақиқатқа айналды және 180 миллионнан астам халқы бар 5 елдің басын біріктіріп отыр. 2015 жылы Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына толыққанды мүше болды.

 

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Өткен жылы біз аса маңызды бес институттық реформаны жүзеге асыруға кірістік. Бұл жаңғыртулар заманауи, кәсіби және автономды мемлекеттік аппарат құруға, заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, индустрияландыру мен экономикалық өсімге, қазақстандықтарды болашақтың біртұтас ұлтына топтастыру мен мемлекеттің ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етуге бағытталып отыр. «100 нақты қадам» ұлт жоспары қабылданып, оны жүзеге асыру үшін заңнамаға өзгеріс енгізіліп үлгерілді. Бұл – әлемде болып жатқан түрлі теріс үрдістерге (трендтерге) басты жауап.

Қазақстан басты мақсаты әлемдегі аса дамыған 30 елдің қатарына қосылу болып табылатын 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясын жүзеге асыруда. Алдағы онжылдықтың шешуші міндеті – елді дамытудың мүлде жаңа моделін қалыптастыру. Қазақстан экономикалық өсімді жандандырып, бәсекеге қабілеттілікті нығайтатын орасан зор әлеуетке ие. Біз өзіміздің ұзақ мерзімді өсіп-өркендеуіміз бен орнықтылығымызды тек қана еліміздің аса бай табиғи ресурстарға тәуелділігіне байлап қоймаймыз. Осыған орай негізгі міндет –экономикалық өсімнің жаңа қозғаушы күштерін (драйверлерін) қалыптастыру, индустрияландыруды жалғастыру, халықтың жоғары табысы мен сапалы адами капиталы бар жеке секторға басымдық берілетін заманауи экономика орнықтыру.

Экономикалық өсім көбінесе еңбек өнімділігінің, жекеменшік инвестициялардың және бәсекелестіктің өсімімен қамтамасыз етілетін болады. Дамудың жаңа экономикалық моделін қалыптастыру барлық саладағы құрылымдық өзгерістерге негіз қалайды. Біз күш-жігерімізді мемлекеттік секторда жүргізіліп келе жатқан саясаттың тиімділігін арттыруға және мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі бойынша ІЖӨ-нің 15%-ына дейін төмендетуге жұмсайтын боламыз. Біздің экономиканың нақты секторындағы негізгі міндетіміз – нарықтық институттарды нығайту, еркін бәсекелестікті дамыту мен жеке іскерлік бастаманы ынталандыру. Біз әлеуметтік-қоғамдық салада адами капиталды дамытуға инвестиция салуды белсенді түрде жалғастырамыз, бірақ мемлекеттің, бизнес пен азаматтың жауапкершілігін нақты бөліп көрсететін боламыз.

Құрметті форумға қатысушылар!

Қазақстан өзінің салыстырмалы түрде қысқа ғана тарихында көптеген экономикалық сілкіністерді – 90-шы жылдардағы ауқымды экономикалық коллапстан бастап, 2000-шы жылдардағы естен тандырарлықтай жан-жақты сыртқы сілкіністерге дейін еңсере алды. Біздің басты қағидаттарымыз – экономикалық прагматизм, реформаларды жүзеге асырудағы дәйектілік пен азаматтардың әл-ауқатын арттыруға күш салу – бізге барлық қиындықтардан өтуге мүмкіндік беріп, біздерді күштірек ете түсті.

Бүгінде барлық елдер қиындықтарды бастарынан өткеру және ұлттық эгоизмге ерік бермей, әлем алдында тұрған сын-қатерлерді еңсеру ісінде бірлесіп жол таба білу маңызды. Халықаралық диалогтың түрлі пішімдері бар: G-7, G-20. Жаһандық және өңірлік экономикалық форумдар, мәселен, Давостағы, Боаодағы, біздің Астанадағы секілді кездесулер өткізіліп келеді. Әзірленген шешімдерді нақты іс жүзінде пайдалану барысында келісушілік пен үйлесімділікті қамтамасыз ету маңызды. Бұл жерде барлық елдердің пікірі ескерілуге тиіс. БҰҰ құрылымында немесе оның жанынан осындай үйлестіру ісін қамтамасыз ететін арнаулы комитет құратын уақыт жетті. Қазақстанда қолданылып келе жатқан, 140 елден 30 мыңнан астам сарапшының басын біріктіретін «G-global» виртуалды интерактивті алаңын белсенді түрде пайдалануды ұсынамын.

Сөзімді аяқтай келе, форумның барлық қатысушыларына жемісті жұмыстары үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Оның қорытындылары жаһандық дамудың ортақ қазынасына қосылатыны анық. Форумның барлық қатысушылары мен қонақтарына зор денсаулық пен табыс тілеймін!




Яндекс.Метрика