Басқару

Ұлттық банк «Көркем гимнастика. Олимпиада ойындары 2016» ескерткіш күміс монетасын айналысқа шығарды

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2016 жылғы 24 мамырда бастап «proof» сапасымен номиналы 100 теңгелік «Көркем гимнастика. Олимпиада ойындары 2016» ескерткіш күміс монетасын айналысқа шығару туралы хабарлайды.
Астана қаласы26 Мамыр , 20:09

«Монетаның бет жағында (аверсінде) төменгі бөлігінде стадионның стильдендірілген бейнесінің қоршауында Қазақстан Республикасының елтаңбасы, монета дайындалған металды, оның сынамын және массасын білдіретін «Ag 925 20 g» деген жазба және соғылған жылын білдіретін «2016» деген жазу бейнеленген. Сол бөлігінде монетаның номиналын білдіретін «100 TENGE» деген жазу, жоғары бөлігінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің логотипі бар. Айналдыра мемлекеттік тілде «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» деген ойылған жазба орналасқан», - делінген хабарламада.

Монетаның сырт жағында (реверсінде) орталық бөлігінде түрлі түсті стильдендірілген лентаның аясында көркем гимнастика бойынша сайыс сәтіндегі спортшы қыз, екі шоқпар таяқ және Олимпиада ойындарын өткізу жылын білдіретін «2016» деген сан бейнеленген. Айналдыра ағылшын тілінде «OLYMPIC GAMES» деген ойылған жазба орналасқан.

Монетаның бет және сырт жақтарындағы бейнелер мен жазбалар бедерленген. Айналдыра шығыңқы жиек жүргізілген. Қыры (гурты) бедерлі. Монета 925 сынамды күмістен жасалған, массасы – 20 гр, диаметрі – 37 мм, дайындау сапасы – «proof», ең көп таралымы – 3 мың дана. Монеталардың түс бойынша шешімі тампобасу технологиясы арқылы орындалады.

 Номиналдық құны 100 теңгелік ескерткіш монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есептеу үшін және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.

Монеталар дизайны Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 25 қыркүйектегі № 1193 Жарлығымен бекітілген Қазақстан теңгесі – ұлттық валюта банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес әзірленген. «Proof» сапасымен жасалған ескерткіш күміс монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған. Олар кәдесыйлық ораумен шығарылады және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған.

 

 

 




Яндекс.Метрика