Өңірлер

Ақтөбе облысының жетекшілігі импорт алмастыру мәселелерін ірі кәсіпорындарда шағын өндіріс ашу арқылы шешуді ұсынады

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Йылдырым групп» компаниясының құрылтайшысы Роберт Йылдырыммен кездесті, деп хабарлады “Ақтөбе ақпарат”.
Ақтөбе 26 Мамыр, 10:54

Мейман Ақтөбеге «Йылдырым групп» тобына кіретін «Восход Ориел» және  «Восход Хром» компанияларымен кездесуге келген. Компаниялар хром рудасы мен хром концентратын ұқсатумен айналысады.

«Восход Ориел» компаниясы 2008 жылы Хромтау ауданының «Восход» кен орнында тау-кен байыту кешені бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асырып келеді. 48,8 пайыздық хром оксидінің кен орнындағы қоры 19 млн. тонна. Қазіргі таңда кәсіпорында 800 адам тұрақты жұмыс істеп келеді.

Бердібек Сапарбаев Роберт Йылдырымды Ақтөбе жерінде қарсы алып, әлемдегі экономикалық қиыншылықтарға қарамастан, кәсіпорында бірде-бір жұмысшының қысқартуға ұшырамағанын, жалақы төлеуде мәселе болмағанын жеткізді. Кәсіпорын жетекшілігі облыс әкімдігімен және облыстық кәсіпорын кеңесімен қол қойылған меморандум аясында өз мойнына алынған міндеттемелердің барлығын орындап келеді.

Компания әлеуметтік міндеттемелерді орындау жағынан да өзін жақсы жағынан көрсете білді. Өткен жылы кәсіпорын қызмет ететін аумақтағы Дөң ауылдық округіне қарасты Оңғар ауылын газбен қамтамасыз етуге 240 млн теңге бөлді. Алдағы уақытта осы ауылға ауыз су желісі тартылады. Сонымен бірге, биыл жазда Оңғар және Дөң ауылдарындағы екі орта мектеп жөндеуден өткізуге 80 млн теңге қарастырылған, Дөң мен Сарысай ауылдары арасындағы жол қабаты да ағымдағы жөндеуден өткізіледі.

Сонымен бірге, облыс басшылығы өндіріс көлемінің төмендеуіне байланысты алаңдаушылығын білдірді. Мәселен, 2015 жылы ЖШС 900 мың тоннадан астам хром рудасын және 500 мың тоннадан астам концентрат, ал 2016 жылдың 4 айында 88 мың тонна хром рудасын және 32 мың тонна хром концентратын өндірді.

Кәсіпорын өкілдері бұл жайтты 2015 жылдан бері негізгі тұтынушы «Тихвинск ферроқорытпа зауыты» ЖАҚ тарапынан сұраныстың төмендегенімен түсіндіреді. Зауыт шикізатты бұрынғы мөлшерде сатып алуды биыл маусым айында қалпына келтіруді көздеп отыр.

- Мен өндіріс көлемін төмендетпеуді және мүмкіндігінше өткен жылдың деңгейіне жеткізуді сұраймын. 2015 жылы өндіріске құйылған инвестиция миллиард теңгеден асты, биыл бұл көрсеткіш 3 млрд теңгеден кем болмауы керек. Сонымен қатар, қазіргі таңда біз алыс та жақын шет мемлекеттерден әкелінетін тауарлардың импортын төмендету бағытында жұмыс жасап жатырмыз, облыс аумағында өз қажеттілігімізге арналған тауарлар өндіретін шағын кәсіпорындар ашуды ұсынып отырмыз, - деген Бердібек Сапарбаев бірнеше жобаны ұсынды.

Өз кезегінде Роберт Йылдырым аймақ басшысына жемісті жұмыс пен көмегі үшін алғысын білдірді.

- Біз аймақтың дамуына өз үлесімізді қосқымыз келеді, ол үшін қажетті инвестиция мен тәжірибеміз бар. Ал өндірісті ұлғайтуға байланысты айтсақ, келесі аптадан бастап Ресей мен Қытайға шикіңзат жөнелте бастаймыз. Сонымен қатар, бүгінде хром рудасының бағамы артты, - деп жақсы жаңалықпен бөлісті «Йылдырым групп» тобының құрылтайшысы.

Инвестиция көлемін арттыру жөніндегі облыс басшысының өтінішіне қатысты Роберт Йылдырым 2016 жылы өндіріске 3,2 млрд теңге көлемінде инвестиция құйылатынын жеткізді. Жұмысшылардың біліктілігін арттыруға жұмсалатын қаржы көлемі ұлғайтылды. Сондай-ақ жұмысшылардың әлеуметтік шығындарына 600 млн теңге қарастырылып отыр.  

Кездесу соңында Бердібек Сапарбаев билік тарапынан компаниря мәселелерін шешу үшін барлық жағдай жасалатынын жеткізді.

 





Яндекс.Метрика