Өңірлер

Ақтөбеде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 18 жоба жүзеге асырыла бастады

Ақтөбе облысында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жобаларды жүзеге асыру мәселелері облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен өткен жиында сөз болды, деп хабарлады “Ақтөбе ақпарат” орталығы.
Ақтөбе 26 Мамыр, 08:41

Ақтөбе облысының әкімі Ақтөбе қаласы мен облыс аудандары әкімдерінің, бірқатар басқарма жетекшілерінің жұмыстарын сынға алып, тапсырмалар берді.

“Мемлекет басшысы мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамытуға ерекше назар аударып отыр. Экономикалық дағдарыс кезінде бұл механизм облыс бюджетіне салынатын салмақты жеңілдетіп қана қоймай, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға да септігін тигізеді. Жыл басында тұрғындарға мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында кем дегенде 29 нысан пайдалануға беріледі деп уәде еткен едім, өкінішке қарай, бүгінде алға қойылған міндеттердің орындалуы қанағаттандырмайды. Облыс әкімінің орынбасарлары, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері бұл бағытта дұрыс жұмыс жасамайды”, - деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімі бүгінгі таңда МЖС аясында өңірде небары 18 жоба жүзеге асырылып жатқанын хабарлады. Алға қойылған мақсаттың орындалмауының бір себебі, облыс әкімінің пайымынша, жергілікті билік пен кәсіпкерлер арасында өзара байланыстың болмауы.

“Мемлекетпен жұмыс жасағысы келетін, әлеуметтік нысандар салғысы келетін кәсіпкерлер аз емес. Әкімдер олармен жиі кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізулері керек. Аймақтық кәсіпкерлер палатасы да жергілікті бизнес-қауымдастықпен жұмыс жасап келеді. Мемлекет бизнеске көмек көрсетеді, мол субсидия бөліп отыр, ірі мемлекеттік бағдарламалар да оларды қолдауға бағытталған. Өз кезегінде, кәсіпкерлер әлеуметтік саланы да қолдау керек”, - деді Бердібек Сапарбаев.

Жиын қорытындысы бойынша облыс басшысы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобаларын 100 пайыз жүзеге асыру және бизнестің әлеуметтік жауапкершліігін ынталандыру үшін шаралар қолдану жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.

 





Дерекнама

Яндекс.Метрика