Инвестициялар

«Байқоңыр» инвестфорумы аясында 12 меморандумға қол қою жоспарлануда

Қызылордада «Байқоңыр Инвест» VIІ Инвестициялық форумы 27-28 мамыр күндері болады. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ғалым Әміреев «Байқоңыр Инвест» VIІ Инвестициялық форумын ұйымдастыру және өткізу» тақырыбында аймақтық Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
Қызылорда24 Мамыр , 08:43

Айта кету керек, осыған дейінгі өткізілген форумдардың нәтижесінде 70-ке жуық меморандумдарға қол қойылып, ферроқорытпа, машина жасау, цемент зауыты секілді жобаларға инвестор тартуға мүмкіндік туды. Бұл жолғы форумға республикамыздың барлық өңірінен 140-тан астам қаржы институттарының өкілдері мен 12 мемлекеттен инвесторлар қатысады. Жалпы, 10-нан астам меморандумға қол қойылады деп жоспарлануда. Мұнан бөлек «Қызылорда облысының инвестициялық жобалары» тақырыбында көрме өткізіледі. Аталған көрмеде облыстың 26 инвестициялық жоба таныстырылады. Пленарлық мәжіліс және 4 секциялық отырыс өткізіледі. Форум қатысушылары үшін дәстүрге айналған шаралар бұл жолы да ұйымдастырылатын болады. Осы шаралар арқылы олар Қорқыт ата кешені, «Байқоңыр» ғарыш кешеніндегі мұражаймен және «Қамбаш» көліндегі демалыс орнымен танысады. Бір айта кетерлігі, бұдан бұрын қол қойылған меморандум аясында кәсіпкер Андрей Кашечкин Қызылорда облысы үшін жасалған автобустың бірінші үлгісін әкеледі. Ол автобус форумға қатысушыларды Байқоңырға тасымалдайтын болады. - Биылғы жылдың ерекшелелігі, инвесторлар нақты жобалармен келетін болады. Мысалы, ресейлік компания Жаңақорған ауданында цемент зауытын салуға қызығушылық білдірген болатын. Оның құрылысы 28 мамыр күні басталады, - деді облыс әкімінің орынбасары Ғ.Әміреев. Форум аясында қол жеткізген үлкен жетістік - облыс орталығында шыны зауытын салуға мүмкіндік туды. «Шалқия» тау-кен металлургиялық кешенін қайта жаңғырту үшін де инвесторлар тартылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Мұнан бөлек 321 қызылордалық түлек Ресейдің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алуға қол жеткізді.




Яндекс.Метрика