Мәдениетті жаңғырту

А.Чижик “Астана Операда” «Баядерка» балетінде өнер көрсетеді (ФОТО)

Беларусь Республикасының Үлкен театрының примасы Александра Чижик Л. Минкустың «Баядерка» балетіндегі Гамзатти партиясын елордалық театр сахнасында алғаш рет орындайды, деп хабарлады “Астана Опера” баспасөз қызметі.
Астана қаласы 23 Мамыр, 20:41

Әйгілі классикалық спектакльдердің бірі болып саналатын қойылым 1 маусым күні театрдың Үлкен залында «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратованың қойылымында ұсынылады.

Александра Чижик – ТМД мүше елдер арасында өткен VI  ашық Дельфылық ойындардың күміс жүлде иегері (Армения 2010), Беларусь Республикасы Президентінің жас дарындарды қолдау жөніндегі арнайы қорының лауреаты. Балеринаның классикалық және заманау қойылымдарға бай репертуарында П. Чайковскийдің «Аққулы көлінде» Одетта/Одиллия, «Жаңғақ шаққышында» Маша, «Ұйқыдағы ару» қойылымында Мамыргүл перизаты, Л. Минкустың «Дон Кихотында» Китри, Б. Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағында» Зарема, Ц. Пунидің «Эсмеральда» балетінде аттас партиясы, Е. Глебовтың «Кішкентай Ханзада» балетінде оның сүйіктісінің рөлі, сондай-ақ,  В.А. Моцарттың «Алты биінде» Солист, В. Кузнецовтың «Витовтында» Ядвиганың рөлі және т.б. бар.   

Бұл белорусстық балет жұлдызының Қазақстан сахнасына алғаш шығуы. Партия жігерлі әрі қызғаншақ үнді ханшайымы, тәкаппар сұлу Гамзаттидің екпінді биімен, биязы қозғалысымен және сезімге толы қимылдарымен ерекшеленеді. Бұл партияны орындау асқан шеберлікті, өз-өзіне деген сенімділікті, би техникасын жоғары меңгеруді талап етеді. Алғашқы қойылымының алдында балерина үлкен жауапкершілікті сезіне отырып, көрермен спектакльден ләззат алады деп үміттенеді. Гамзатти – менің репертуарымдағы физикалық жағынан да, актерлық жағынан да ең қиын рөлдердің бірі. Сонымен қатар бұл ең жақсы көретін партияларымның қатарында. Кез келген адам сияқты, Гамзатти де өзінің бақыты үшін күреседі, мен оны жағымсыз кейіпкер деп айтпас едім. Мен үшін кейіпкердің бейнесіне еніп, онымен біртұтас болу – өте маңызды, - дейді ойымен бөліскен Александра Чижик.

Баядерка (үнділік храмда билеуші) Никияның рөлінде театрдың жетекші солисті – Әйгерім Бекетаева, Солор – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жандос Әубәкіров,  Ұлы брамин – Жәнібек Иманқұлов, Раджа Дугманта – Рахметолла Науанов, Алтын пұт – Серік Нақыспеков, Магедавея – Бостан Қожабеков, Құл – Бауыржан Мекембаев, Толорагва – Елдар Шакирзянов. «Астана Опера» Симфониялық оркестрі спектакльдің қоюшы дирижері Арман Оразғалиевтің жетекшілігімен өнер көрсетеді.

 





Яндекс.Метрика