Халықаралық интеграция

Түркияның әскери қызметшілері «Жас ұлан» мектебінің тәрбие беру үдерісімен танысты (ФОТО)

С.Қ.Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің әскери қызметшілері мен тәрбиеленушілеріне Түрік Республикасы Қарулы Күштері Кулели әскери лицейінің делегациясы ресми сапармен келді.
Астана қаласы 21 Мамыр, 13:46

Шетелдік әріптестеріміздің келуінің негізгі мақсаты «Жас ұлан» республикалық мектебіндегі оқу-тәрбие процесімен танысу, тәжірибе алмасу және өзара ынтымақтастық мақсатында әрі қарайғы байланысты ретке келтіру болды. 

 Сапар барасында меймандармен брифинг өткізілді. Аталмыш брифингте мектеп, білім ошағының тарихы, мектеп қабырғасында іске асырылып жатқан білім беру бағдарламалары, тәрбиеленушілердің күнделікті тыныс-тіршілігі, спорттық және мәдени өмірі жайлы фильм көрсетілді.  Сөз сөйлеу кезінде түрік делегациясының басшысы Р.Бильгич те фильмнің тұсауын кесіп,  Кулели әскери лицейіндегі оқу-тәрбие үдерісінің ұйымдастырылуы туралы айтып берді.

Одан басқа, қонақтар үшін мектептің оқу-материалдық базасына экскурсия жасалып, спорт залы, бассейн, мектеп мұражайы, кітапхана көрсетілді. Сондай-ақ қонақтар әскери даярлық және жалпы білім беру пәндері бойынша бірнеше сабақтардың өткізілуіне куә болды. 

 Делегация құрамына Қазақстан Республикасындағы Түрік Республикасы әскери атташесінің орынбасары подполковник Сезен Озлен, Түрік Республикасы ҚК Кулели әскери лицейін жоспарлау бөлімінің бастығы полковник Рауф  Бильгич, рота командирі  капитан Ферхат Баяр, курсанттар  Севахаттин Энес Узун және Салих Еге кірді.

Сапар қорытындысы бойынша Түрік Республикасы Қарулы Күштері Кулели әскери лицейінің делегациясы біздің тарапымыздан көрсетілген қабылдауға, сондай-ақ жастарды оқыту мен тәрбие беру аясындағы бірлескен ынтымақтастықтың жалғасуына алғыс білдірді.  

 





Яндекс.Метрика