Халықаралық интеграция

Египет Алматымен туризм саласында ынтымақтастықты дамытуға ниет білдірді

Алматы әкімі Бауыржан Байбек, халықаралық ынтымақтастық аясында Араб Республикасы Египеттің Қызыл теңіз провинциясының губернаторы Ахмед Абдаллах бастаған Біріккен Араб Эмиратының делегациясын қабылдады, деп хабарлады Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Алматы қаласы 20 Мамыр, 19:52

«Алматы Египетпен өзара  ынтымақтастыққа үлкен мән береді. Жақында ғана бізде халықаралық туристік KITF  көрмесі  өтіп, оған  әлемнің  30-дан астам елі қатысты, олардың арасында Египеттің туроператорлары да болды. Мен осы кездесудің екі елдің туристік саласының дамуына жаңа серпіліс беретіндігіне  сенімдімін», -  деп атап өтті әкім.

Б.Байбек Париждан Каирге бет бұрған EgyptAir компаниясы  ұшағында болған терактіге қатысты көңіл айту білдірді.

Туризм саласын сөз  ету барысында Қазақстанға келетін туристердің басым бөлігінің,  статистикалық мәлімет бойынша 43% -ының Алматыға тиесілі екендігі айтылды. Өткен жыл ішінде Алматыға  794 египттік келсе, Египетке барғандар саны 10 есе көп – 8000 адам. Осы ретте, Ахмед Абдаллах  соңғы  кездері египеттіктер Қазақстанға үлкен қызығушылық  танытып отырғандығын, сондықтан  болашақта қазақ жеріне келетін туристер санының арта  түсетіндігін жеткізді.

«Біз өзара  ынтымақтастықты бұдан былай да жалғастыра береміз. Қалаларда туризм жедел қарқынмен дамуда. Сіздерде Алматының 2020 жылға дейінгі даму Бағдарламасы бар екен,  бізде де провинциямызды дамытудың жоспары жасалған. Демек, осы екі маңызды Бағдарламалардың арқасында өзара ынтымақтастық  кең қанат жайып, болашақта серіктестік қарым- қатынас арта беретін болады», - деп атап өтті  А.Абдаллах.

Атап өтерлік жайт, Египетпен  ынтымақтастық аясында екіжақты 40-тан астам келісімдерге қол қойылған. Алматыда  ауылшаруашылығы мен сауда саласында 7 египеттік кәсіпорын жұмыс істейді, египеттік фармкомпаниялардың 100 өнім түрлері тіркелген. Алматыға жыл сайын 1,3 млрд.  АҚШ доллары тұратын өнім жеткізіледі, бұл  нарықтың  37% -ын құрайды. Осылайша, болашақта ауылшаруашылығы, фармацевтика, сауда саласында байланыс одан әрі нығая түспек.   

Естеріңізге сала кетейік, Алматы – Қазақстанның ең ірі мегаполисі, ол ел экономикасының 20% -ын, салық түсімінің 30%-ын құрайды, банктердің бас  офистерінің 90% -ы осында орналасқан, кіші және орта бизнеске берілетін несиенің 60% -ы да  Алматыға тиесілі. Мегаполисте 2 млн. адам тұрады, ал бұған Алматы агломерациясы қосып есептесек -  3 миллионға жуық адам.

Кездесу  соңында Египеттік тарап алматылықтарды ҚР-ы Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен, мегаполистің 1000 жылдығымен құттықтады. Сонымен қатар, Алматы және Алматы облысымен  ынтымақтастық  жөнінде меморандумға қол қойылды.

 





Яндекс.Метрика