Халықаралық интеграция

Қазақстан сенегалдық студенттер үшін оқу грантын беруге дайын – ҚР Президенті

Қазақстан Республикасы мен Сенегал Республикасы екі ел арасындағы білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаласты.
Астана қаласы20 Мамыр , 15:21

Келіссөз барысында сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастық пен аталмыш бағытта өзара іс-қимыл жасау мәселелеріне ерекше көңіл аударды.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев экономиканың перспективалы салалары ретінде энергетика, тау-кен өнеркәсібі, туризм, ауыл шаруашылығы, инфроқұрылым мен индустрияны атап өтті.Тараптар аталмыш салалар бойынша ынтымақтастық туралы келісімді бекітуге дайын екендерін айтты.

«Біз сауда-экономикалық ынтымақтастыққа баса мән бердік. Біздің ынтымақтастығымыздың бұл қыры әзірше өте төмен деңгейде қалып отыр. Әрине, оған жер шалғайлығы, көлік проблемасы әсер етуде. Біз әлеуетті бағыттар ретінде энергетикалық секторды, ауыл шаруашылығын Ислам банкингін айқындадық. Бізде «ЭКСПО-2017» көрмесі өтеді. Оған Сенегал тарабының қатысатындығына үміт артамыз. Біз сонымен қатар, мәдениет, білім, спорт салаларындағы өзара іс қимылымызды кеңейтуге уағдаластық», - деді ҚР Президенті. 

Осы ретте айта кетейік, келіссөз барысында қазақстандық тарап сенегалдық студенттердің Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқулары үшін оқу грантын беруге дайын екендерін атап өтті. Тараптар білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, мамандармен және студенттермен алмасу бағытында жағдай жасауға келісті.

«Біз қол жеткізген уағдаластық, пікір алмасулар, талқыланған барлық бағыттардағы өзара іс-қимылымызды тереңдетуге септігін тигізеріне сенімдімін. Африка құрлығы біздің ғаламшардың резерві десек те болады. 300 млн. шаршы шақырым аумақта миллиард халық қоныстанған. Бұл елдердің байлығы да ұлан-ғайыр», - деп атап өтті Елбасы.

Еске сала кетейік, Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Сенегал Президенті Маки Салланың кездесуі болды. Құрметті мейман Қазақстанға ресми сапармен бірінші рет келіп тұр. 




Яндекс.Метрика