Білім беру

Тәуелсіздік жылдарында Астана медициналық университеті студенттерінің саны 36,4% есеге ұлғайды

«Астана медициналық университеті» АҚ (әрі қарай - АМУ) студенттерінің құрамы 1991-2016 жылдар аралығында 2893 адамнан 4552 адамға, яғни 36,4% есеге ұлғайды, деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі.
Астана қаласы20 Мамыр , 11:04

1964 жылдың қазан айында құрылған Ценлинград мемлекеттік медициналық университетінде (қазіргі АМУ) «Емдеу ісі» мамандығы бойынша факультетте небәрі 400 студент білім алған болатын.  

Бүгінде АМУ еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан ірі медициналық ЖОО бірі, ол жоғарғы медициналық білім беру, медициналық ғылымдарды дамыту мен емханалық қызмет салаларында жоғары беделге ие.

ЖОО-да үздіксіз білім берудің толыққанды жүйесі жұмыс істейді. Оның құрамына ЖОО дейінгі білім беру (5 пән бойынша дайындық курстары: Қазақстан тарихы, математика, биология, орыс тілі, қазақ тілі); бакалавриаттың 6 мамандығы бойынша дипломға дейінгі білім беру; резидентураның 26 мамандығы, магистратураның 5 мамандығы, Рhd докторантураның 3 мамандығы, сонымен қатар, қосымша кәсіби білім берудің 56 мамандығы бойынша ЖОО-дан кейінгі білім беру шаралары кіреді.

АМУ факультеттерінде қазіргі таңда 4552 студент, 1489 интерн, 300 резидент, 87 магистрант пен 59 докторант, оның ішінде әлемнің 10 мемлекетінен келген (Ресей, Украина, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан, Тәжікстан, Беларусь, Қытай, Моңғолия) елдерінен келген 127 студент білім алуда.  

2011 жылдан бастап университетте Болон процесі принциптерін енгізу аясында халықаралық академиялық ұшқырлық жетілдіріліп, нәтижесінде денсаулық сақтау, медициналық ғылым мен білім беру саласында отандық ЖОО мен шетелдік оқу ордалары арасында ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды.  Бұл И.М. Сеченов атындағы Мәскеу Мемлекеттік медициналық университеті, Новосібір мемлекеттік медициналық университеті, Тюмень мемлекеттік медициналық академиясы (Ресей); Запорож мемлекеттік медициналық университеті (Украина); «La Sapienza» Рим университеті (Италия); Вена медициналық университеті (Австрия); Познань медициналық ғылымдар университеті (Польша); Ұлттық биомедициналық инновациялық институт (Япония) және Мансур университетінің медицина факультеті (Египет).

ЖОО-да әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу және ерте кәсіби бағдарлау; ағылшын тілі мен арнаулы пәндерді тереңдетіп оқыту бойынша эксперименталды топтарды құру сияқты оқытудың жаңа әдістемелік тәсілдері енгізілген. Дипломға еуропалық қосымша беріледі. 2012 жылдан бастап электронды оқыту жүйесі жетілдірілуде. Оқу орнында аталған саладағы соңғы жетістіктер қолданылатын халықаралық қашықтықтан оқыту жүйесі (MOODLE) жұмыс істейді.

2013 жылы АМУ ұлттық институционалды аккредиттеу процедурасынан сәтті өтті. Сонымен қатар, «Саламатты Қазақстан» мембағдарламасының аясында «Стоматология», «Медициналық-профилактикалық іс», «Фармация», «Жалпы медицина», «Мейіргерлік іс» мамандықтары бойынша бакалаврдың; магистратураның «Медицина», «Медициналық профилактикалық іс» және «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандықтары бойынша; докторантураның «Медицина» және «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандықтары бойынша оқыту бағдарламаларының ұлттық арнаулы аккредиттеуінен өтті. Сондай-ақ, ACQUIN (Германия) аккредиттеу агенттігінде ауруханалық басқару саласындағы  МВА  оқыту бағдарламасы және «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша оқыту бағдарламасы бойынша аккредиттеуден өтті.

 




Яндекс.Метрика