Халықаралық интеграция

ОҚО-да БҰҰ балалар қорының Қазақстандағы өкілі жұмыс сапарымен болды

Бүгін БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілі Юрий Оксамитный бастаған делегация Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді. Жұмыс тобы Шымкенттегі балаларға арналған бірнеше медициналық ұйымдарды аралады.
Южно-Казахстанская область 20 Мамыр, 08:59

Делегация мүшелері, ең алдымен, «Нұрсат» шағын  ауданындағы №4 облыстық балалар перинаталдық орталығында болды. Бас дәрігер Л.Үкібаева делегацияны медициналық ұйымның жұмыс барысымен таныстырып, ондағы  нәрестелер мен аналардың жағдайларын көрсетті. Онда мамандар жүкті әйелдер мен нәрестелердің патологиялық бөлімдері туралы сөз етті.

Мұнан соң, делегация облыстық балалар ауруханасына барды. Бүгінде бұл облыс балаларына мамандандырылған және жоғары технологиялық көмек көрсететін ең ірі медициналық орталық болып саналады. Қонақтарды қарсы алған бас дәрігер А.Маймақов аурухананың тыныс-тіршілігімен таныстырып, атқарылып жатқан жұмыстарының барысын баяндады. Сондай-ақ, бала жастағы ауруларды ықпалдастыра қарау жөніндегі тренинг-орталықтың қызметі жан-жақты көрсетілді.Бағдарлама барысында БҰҰ Балалар қоры делегациясы инфекциялық ауруларды емдеу мен алдын алу жөніндегі «Ана мен бала» облыстық оңалту орталығында да болды. Бас дәрігер Б.Шериев мекеменің жұмысындағы басты бағыттарды атап көрсетіп, мекеменің ішін аралатты.

Жұмыс сапары соңында Ю.Оксамитный өз пікірімен бөлісіп, облыста денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығына тоқталды. Атап айтқанда, балалар мәселесіне байланысты халықаралық деңгейде бірлесе жұмыс істеуді кеңейте түсуге шақырды.

Айта кетейік, Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры – 190-нан аса елді қамтыған, балалардың құқын қорғайтын, олардың басты сұраныстарын қанағаттандыруға және жан-жақты даму мүмкіншіліктерін кеңейтуге ықпал ететін әлемдегі ірі ұйым болып табылады.





Яндекс.Метрика