Халықаралық интеграция

Қ.Тоқаев: Парламентаралық байланыстар – халықтар арасындағы коммуникацияның маңызды арнасы

Сенат ТөрағасыҚасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербургте Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Әлемде19 Мамыр , 18:56

Бұл отырыстың ерекшелігі – халықаралық парламенттік ұйымдардың басшылары - Парламентаралық Одақтың, Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының төрағалары, сондай-ақ әртүрлі елдер парламенттерінің шақырылған төрағаларының қатысуы болып табылады.

Қ.Тоқаев парламентаралық ұйымдардың халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша өзара іс-қимылының келешегі талқыланған шағын ортада болған кездесуде сөз алды. Парламенттік дипломатияның рөлі арта түскенін атап өте келіп, Қазақстан Сенатының басшысы әлемдік парламенттік қоғамдастық зерделеуі тиіс ынтымақтастықтың нақты бағыттарына әріптестерінің назарын аударды.

Біріншіден, Қ.Тоқеавтың ұсынысы бойынша, парламенттердің депутаттары барлық халықтардың ортақ жауына айналған әрі шекараны, ұлттық егемендікті, мәдениет пен дәстүрді мойындамайтын халықаралық терроризмге қарсы құқықтық іс-қимылды күшейтуі тиіс. Төраға әріптестерін Астанада 31 мамырда өтетін «Діндер терроризмге қарсы» халықаралық конференциясына қатысуға шақырды, оған бүкіл әлемнің парламентшілері мен әлемдік және дәстүрлі діндердің өкілдері алғаш рет жиналады. Екіншіден, Қ.Тоқаевтың айтуынша, ядролық қарудың таралып кетуі адамзаттың өмір сүру болмысына қауіп төндіріп отыр.

«Ол туралы саясаткерлер де, алдыңғы қатардағы ғалымдар да, азаматтық қоғам да ұдайы айтып келеді, алайда іс жүзінде атқарылған істер жоқтың қасы. Парламентшілер ядролық қарудың таралуына «жоқ» деп нақты айтуға міндетті. Толықтай қарусыздануға қол жеткізуге, Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың орындалуы мен Ядролық қаруларды сынауға жаппай тыйым салу туралы шарттың тезірек күшіне енуін жақтау керек», - деп атап өтті Төраға.

Қ.Тоқаев ұлттық және халықаралық деңгейдегі милитаризмге қарсы іс-қимылды парламентшілердің халықаралық іс-қимылдағы үшінші бағыты ретінде атады. «Әскери салаға бөлінетін ауқымды қаржы (жылына 2 триллион долларға дейін) дамудың мақсаттарына берілуі мүмкін еді», - деді ол.

Президент Н.Назарбаевтың «Әлем. XXI ғасыр» манифесіндегі деректерді келтіре отырып, Төраға парламентшілер халықаралық жағдайды уландыратын соғыс індетінің одан әрі таралуына жол бермеуде парламентшілерге ерекше жауапкершілік жүктелетінін атап өтті. Төртіншіден, Сенат Төрағасының пікірінше, көптарапты парламенттік дипломатия сауда-экономикалық байланыстарды үдетуге жәрдемдесіп, мәдени және гуманитарлық алмасуларды ынталандыру керек.

Қ.Тоқаев парламентаралық форумдарға қатысудан парламентшілерді оқшаулаудан бас тартуға шақырды, өйткені, «парламентаралық байланыстар халықтар арасындағы коммуникацияның маңызды арнасы болып қала беруі тиіс». Санкт-Петербургке сапар аясында қазақстандық сенаторлар IV халықаралық «Еуразиялық экономикалық келешек» форумына қатысты, сондай-ақ ТМД ПАА-ның: мәдениет, ақпарат, туризм және спорт жөніндегі; мемлекет құрылысы және жергілікті өзін-өзі басқару тәжірибесін зерделеу жөніндегі; саяси мәселелер мен халықаралық ынтымақтастық жөніндегі; аграрлық саясат, табиғи ресурстар және экология жөніндегі; құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияларының отырыстарына қатысты.

Ассамблеяның қырық төртінші жалпы отырысы барысында парламентшілер ТМД ғарыш кеңістігін зерттеу және бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы конвенцияның жобасын, «Биоэнергетиканы дамытудың негіздері туралы», «Экологиялық сараптама туралы», «Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау саласында ГӨА-ны тарату және пайдалану туралы», «Биологиялық алуандықты сақтау, тұрақты пайдалану және қалпына келтіру туралы», «Ағарту қызметі туралы» үлгі заң жобаларын қарады.

 
 
 
 
 




Яндекс.Метрика