Мәдениетті жаңғырту

Астанада Ақмола облысы музейлерінің көрмесі ашылады

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Ақмола облысы музейлерінің «Ғасырлар мұрасы» атты көрмесінің ашылуы болады, деп хабарлайды Ұлттық музейдің ақпараттық-имидждік қызметі.
Астана қаласы19 Мамыр , 20:26

Көрме  «Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Қазақстан» жобасы және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында ұйымдастырылып отыр.

Көрменің ашылуына Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаттары Ж.Е. Ерғалиев, Р.Қ. Әкімов, Мәжіліс депутаты В.Б. Косарев және Ақмола облысы әкімінің орынбасары, мәдениет және өнерге еңбегі сіңген қайраткерлер қатысады. Сонымен қатар Ақмола облысының әртістері мен шығармашылық ұжымдарының мәдени бағдарламасы ұсынылады.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің және Ақмола облыстық Мәдениет басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған көрме өлкенің көпғасырлық мұрасымен және қоғамның заманауи көркемөнерінің беталысымен таныстырады.

Көрмеге Ақмола облысының және Степногор тарихи-өлкетану музейлері топтамаларының аймақта жүргізілген экспедициялар барысында жиналған археологиялық артефактілері ұсынылады.

Экспозициядағы біртуар мемлекет қайраткері, қолбасшы, дипломат Абылай хан және оның үзеңгілестері туралы материалдардың, Қанжығалы Бөгенбай батырдың шөбересі Саққұлақ бидің парсы кілемінің бір бөлшегінің орны ерекше. Кілемді 1840 жылы Омск губернаторы Саққұлақ биге сыйға тартқан, ал 1991 жылы Ерейментау тарихи-өлкетану музейі ашылған кезде оны Әлихан Барлыбаев музейге өткізген. Сонымен қатар Көкшетау қаласының әдебиет және өнер музейі қорындағы Бөгенбай батырдың арнайы сусын ішетін ыдыс –«құтысы», Қанай бидің сабы бар тостағаны - «саптыаяғы»  сияқты бірегей жәдігерлер бар.                

Ақмола топырағы талай ақындар мен композиторларға шабыт берген қасиетті өлке. Көрменің «Этномәдениет және қазақ халқының тұрмысы» бөлімінде облыстық музейдің этнографиялық топтамаларынан музыкалық аспаптар, сирек кездесетін кітаптар, ағаштан және теріден жасалған ыдыстар, ХІХ ғасыр соңы мен ХХ ғасырдың басындағы ұлттық киімдер, күміс зергерлік бұйымдар, атақты ақын, әнші, сазгер Ақан серінің ғашығы Ақтоқтының жеке бұйымдары (айна, жүзік және т.б.) сынды ең керемет үлгілер ұсынылып отыр. Ақмола облысының біртуар ұлдары жазушы және қоғам қайраткері Ілияс Есенберлиннің және Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдулиннің жеке бұйымдары ерекше қызығушылық тудырады. Жаңа егемен мемлекеттің қалыптасуы, соңғы жылдардағы оқиғалар, аймақ дамуының келешегі «Бүгінгі заман» бөлімінде ұсынылған. ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, суретші-керамист Ю. Г. Поповтың жұмыстары да ерекше жарқын әсер сыйлайды.




Дерекнама

Яндекс.Метрика