Халықаралық интеграция

Мемлекеттік басқару академиясы мен Сингапур Мемлекеттік қызмет колледжінің арасындағы ынтымақтастық Астанада талқыланды

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында ректор Болатбек Абдрасиловтың Сингапур Мемлекеттік қызмет колледжінің өкілдерімен кездесуі болып өтті.
Астана қаласы 18 Мамыр, 19:47

Кездесуге Сингапур Мемлекеттік қызмет колледжінің Шығыс және Орталық Азия, Латын Америкасы департаментінің бас менеджері Эдисон Нго, «Temasek» Қорының директоры Стэнли Ли  және Мемлекеттік басқару академиясының өкілдері қатысты.  

Ректор қонақтарға Академия қызметінің негізгі бағыттарын таныстырып, іске асырылатын халықаралық жобалар туралы айтты. Сонымен қатар Қазақстандағы мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру жүйесі туралы толық ақпарат берілді.

Кездесу барысында Академия мен Сингапур Мемлекеттік қызмет колледжі арасында ынтымақтастықты дамыту келешегі талқыланды. Сондай-ақ тараптар Мемлекеттік қызмет колледжі мен «Temasek» Қорының Академия және Сингапур базасында «А» корпусының мемлекеттік қызметшілері үшін көшбасшылық пен адам ресурстарын дамыту бойынша бірлескен халықаралық жобасын ұйымдастыру туралы ұсынысын қарады.

Екі кезеңнен тұратын, аталған жобада көшбасшылық бойынша «А» корпусының өкілдері үшін, сондай-ақ мемлекеттік органдардағы, Академиядағы НR-менеджмент бойынша жауапты қызметкерлер үшін білім беру семинарын өткізу көзделген. Ал жобаның екінші кезеңінде қазақстандық мемлекеттік қызметшілердің адам ресурстарын дамыту бойынша озық тәжірибені зерделеуі үшін Сингапурға оқу сапарымен баруы жоспарланған.   

 





Яндекс.Метрика