Халықаралық интеграция

Қазақстанның көпсалалы ынтымақтастықтың дамуына қосқан үлесін БҰҰ Бас Ассамблеясы атап өтті

Қазақстанның көпсалалы ынтымақтастықтың дамуына қосқан үлесін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы атап өтті.
Әлемде18 Мамыр , 20:04

Жиынды БҰҰ Бас хатшысының Оңтүстік-Оңтүстік ынтымақтастығы бойынша Арнайы уәкілі Хорхе Чедиек алғы сөзімен ашты. Сессия жұмысына БҰҰ мүше-мемлекеттері, бақылаушы елдері тұрақты өкілдері, БҰҰ мекемелері, үкіметаралық және үкіметтік емес ұйым жетекшілері қатысты.

Мемлекеттік басқару саласындағы Оңтүстік-Оңтүстік ынтымақтастығының үлесі туралы талқылау тақырыбы ретінде Астана Өңірлік хабының тәжірибесі назарға алынды. Астанадағы Өңірлік хабтың басқарушы комитет төрағасы Әлихан Бәйменов мемлекеттік қызметті жетілдіруде Қазақстанның халықаралық әріптестікке қосқан үлесі, оның ішінде, тұрақты даму мақсаттарын ілгерілету бойынша Хаб қызметі жөнінде баяндады.

Астанадағы Өңірлік хаб жоғары деңгейдегі Комитет отырысына басқа аймақтарда қолдануға болатын тиімді ынтымақтастық моделін қалыптастырған ұйым ретінде шақырылған. Хаб қызметі Қазақстан Президентінің тұрақты даму мақсатындағы аймақтық және аймақаралық ынтымақтастықты нығайту бағытындағы саралы саясатының бір көрінісі ретінде қарастырылады.

Бұған дейін БҰҰ арқылы Астанада Хабтың құрылуы және оның табысы Қазақстанның реформалар жасау, оның ішінде мемлекеттік қызметте меритократияны нығайту бойынша оң тәжірибесімен бөлісуге даярлығының нәтижесінде мүмкін болғандығы атап өтілген. 2014 жылы Хаб Оңтүстік-Оңтүстік форматындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін БҰҰ-ның арнайы сыйлығымен марапатталған.

Хаб Қазақстан бастамасымен БҰҰ Даму Бағдарламасымен бірлесе отырып, 25 мүше ел және 5 халықаралық ұйым арқылы құрылды. Қазіргі таңда Хаб 34 мүше елден тұрады, ұйым географиясының Солтүстік Америка мен Еуропа, ТМД елдері, Кавказ бен Орталық Азия мемлекеттерінен ASEAN елдеріне дейін кеңеюі мемлекеттік қызметті жетілдірудегі әріптестік әмбебап қажеттілік екенін көрсетеді.




Яндекс.Метрика