Ұлттың денсаулығы

АББ енгізу шаралары жүрек функциясының созылмалы жетіспеушілігімен ауруханаға жатқызылатын пациенттер санын 2 есеге азайтты

Ауруларды басқару бағдарламасын (әрі қарай - АББ) пилоттық режимде Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында енгізу шаралары жүрек функциясының созылмалы жетіспеушілігімен ауруханаға жатқызылатын пациенттер санын 2 есеге азайтуға мүмкіндік берді, деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі.
Астана қаласы18 Мамыр , 17:23

АББ-ны іске асыру шаралары жоғарыда аталған аймақтарда 2013 жылдан басталды. Ол үш нозология бойынша: артериалдық гипертензия, жүрек функциясының  созылмалы жетіспеушілігі және қант диабеті аурулары бойынша жүзеге асырылуда.

1213 АББ қатысушыларымен келісім жасалып, пациенттер жүргізетін өзін-өзі бақылау күнделіктері берілді. Келісімге сәйкес, медициналық ұйымдар АББ қатысушысы-пациентпен үнемі байланыста бола отырып, пациентке динамикалық бақылау жасайтын мультидисциплинарлық командаларды құрады.

Емханалар жанында пациенттерді өзіне-өзі көмек көрсету қағидаларына, өз денсаулығына дұрыс күтім жасауға үйрететін, салауатты өмір салты мен өздігінен білім алу бойынша ақпараттық материалдармен қамтамасыз ететін денсаулық мектептері жұмыс істейді.

Ақпаратпен таныс пациент өзін-өзі бақылау күнделігін жүргізеді, денсаулығына әсер ететін факторларды бақылайды, осылайша оның өз денсаулығына деген жауапкершілігі артып, тәртібі өзгереді.  

Осылайша, бағдарлама пациенттермен қатар медициналық қызметкерлерге өз ауруларын басқаруға, оның асқынуына жол бермеуге мүмкіндік туғызады. 

Пилоттық жобаны жүзеге асыру нәтижесінде пациенттердің 75%-ында  артериалдық қысым көрсеткіші тұрақты сипатқа ие болды, гипотензивті дәрі-дәрмектерді қабылдаудың тұрақтылығы мен оны бақылау машықтары қалыптасты. Жүрек функциясының  созылмалы жетіспеушілігі бар пациенттерді ауруханаға жатқызу жағдайы 2 есеге азайды. Қант диабетіне тексерілген пациенттер саны ұлғайды (СҚО-да 64%-ға дейін, Павлодар облысында - 98%-ға дейін). Айта кету керек, АББ барлық қатысушылары өзін-өзі басқару бойынша оқыту шараларымен 100% қамтамасыз етілді.

Пилоттық аймақтардағы АББ-ны енгізудің тиімді тәжірибесін ескере отырып, АББ-ны жүзеге асыру 2016-2017 жылдар аралығында қосымша Астана, Алматы, БҚО, Қарағанды және Қостанай облыстарында, 2018 жылдан бастап ҚР-дың барлық облыстарында кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады

Естеріңізге сала кетсек, Ауруларды басқару бағдарламасын енгізу – созылмалы аурулармен сырқаттанған пациенттердің өмір сүру ұзақтығын арттыру мен оның сапасын жақсарту мақсатында алғашқы медициналық-санитарлық көмекті басымдықпен дамыту және жетілдіру шараларының құрамдас бөлшегі ретінде ҚР Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының басты бағыттарының бірі болып табылады.

 




Яндекс.Метрика