Парламент

Мәжіліс делегациясы Санкт-Петерборда өтетін ТМД ПАА отырысына қатысады

Мәжіліс Төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов бастаған делегация Санкт-Петербор қаласында 19-20 мамырда өтетін ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясының іс-шараларына қатысады, деп хабарлады Мәжіліс.
Астана қаласы18 Мамыр , 16:09

Бұл көктемгі сессияның айырмашылығы ТМД ПАА құрамына енетін ұлттық парламенттердің спикерлерімен қатар шара жұмысына бірқатар халықаралық ұйымдардың жетекшілері де қатысады деп күтілуде. Соның ішінде, әлемдегі ірі парламентаралық ассамблеялар: Парламентаралық одақ, Еуропа Кеңесінің Парламентаралық ассамблеясы, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық бойынша ұйымының Парламентаралық ассамблеясы, Достастықтың (ұлттар) Парламенттік қауымдастығы бар.

Мәжіліс делегациясының бағдарламасында Палата Төрағасының бірқатар екіжақты кездесулері жоспарланған.

Мәжілісмендер ТМД ПАА тұрақты комиссияларының шеңберінде: жергілікті өзін-өзі басқару мен мемлекеттік құрылым тәжірибесі бойынша; халықаралық ынтымақтастық пен саяси мәселелер бойынша; аграрлық саясат, экология мен табиғат пайдалану; мәдениет, ақпарат, туризм мен спорт мәселелері бойынша пікір алмасатын болады. Сонымен қатар ТМД ПАА қырық төртінші пленарлық отырысына қатысады.

Сондай-ақ, Бақтықожа Ізмұхамбетов «Еуразиялық экономикалық перспектива» IV халықаралық форумында сөз сөйлейді деп жоспарлануда.  

Аталған форум 2013 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Оған ТМД елдерінің Парламент өкілдері бастамашы болып табылады.  

Шараға депутаттар, танымал саясаткерлер, ғалымдар, сарапшылар, сондай-ақ, түрлі елдердің бизнес-қауымдастық өкілдері жиналмақ. Талқыға түсетін тақырып – Еуразия құрлығында өзара тиімді экономикалық іс-қимыл мәселелері.




Яндекс.Метрика