Өңірлер

Ақтөбе облысында құрылыс кластері құрылады

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ң басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұловпен аймақта тқрғын үй құрылысын іске асыру бойынша бірқатар меморандумға қол қойды, деп хабарлайды «Ақтөбе ақпарат» орталығы.
Ақтөбе 17 Мамыр, 10:09

Бекітілген келісім аясында Ақтөбе облысында 15 жергілікті компанияны біріктіретін құрылыс кластері құрылатын болады. Олардың құрамында құрылысшылар, құрылыс материалдарын шығарушылар, сапалы тұрғын үй және құрылысы арзанға түсетін жобалық ұйымдар бар. Тұрғын үй кластерін құру мен дамыту жұмыстарын облыс әкімдігі «ТҚЖБ» АҚ-ымен және Ақтөбе облысының кәсіпкерлік палатасымен бірге жүргізбек.

«Мемлекет басшысы тұрғын үй құрылысын дамытуға ерекше мән берді. Елбасының тапсырмасына орай біздің облыста соңғы 5 жылда 2,3 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Осы арқылы облыстың 19 мың отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Облыстың тұрғын үй құрылысына 163 млрд. теңгеден астам сомадағы инвестиция тартылған. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі желісі бойынша бағдарлама тиімді жүзеге асуда: салымшылар саны 17-ден 45 мыңға дейін артқан. Депозит портфелі 9-дан 25 млрд. теңгеге дейін өсті»,-деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Оның айтуынша, аймақта тұрғын үй кластерін дамытуға үлкен әлеует бар. Құрылыс индустриясы бойынша 10 мың адам жұмыс істейтін 1 400 кәсіпорын бар. 2011-шы жылдан бері әкімдік Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен несиелік және жас отбасыларға жалға пәтер беруді жүзеге асыру бойынша ынтымақтастықта жұмыс жүргізіп келеді.

Өз кезегінде А.Жұмағұлов облыс басшылығын жемісті ынтымақтастық үшін алғысын білдірді. 





Яндекс.Метрика