Басқару

Алматы қаласының әкімі Мемлекет басшысына «Алматы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру үшін қабылдаған шаралар туралы мәлімдеді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекті қабылдады, деп Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.
Алматы қаласы30 Сәуір , 15:02

Кездесу барысында Мемлекет басшысына Б.Байбек Алматы қаласын дамыту жөніндегі кеңесте берілген тапсырмалардың орындалуы туралы баяндады.

Атап айтқанда, әкімдік әл-Фараби көшесінен жоғарыда орналасқан құрылыстар қабатын шектеу жөнінде қаулы қабылдап, «Медеу» таулы спорт кешені мен «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортының аумағына автомобильдердің кіруіне тыйым салды. Бұл ретте экологиялық таза көлік түрлеріне көшуді ынталандыру мақсатымен электромобильдердің өтуіне рұқсат етілді.

Қаланы сапалы ауыл шаруашылығы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету аясында кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Мәселен, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен өңіраралық кооперацияны дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, көлік және сауда инфрақұрылымдарын кеңейту мақсатымен нысандар салынуда. Бұлар көкөністер бағасының маусымдық құбылмалылығын азайтуға мүмкіндік береді. Алатау ауданында жылыжай кешенін салу жөніндегі жоба аяқталып келеді, ол сырттан әкелінетін қызанаққа деген сұранысты 75 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. Ел өңірлерінің қолдауымен биыл қалада 800 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Алматы қаласының әкімі «Алматы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру, ПИК-терді реформалау, Алматы агломерациялық белдеуінде жаңа жұмыс орындарын ашу жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың халық алдындағы есептілігі қамтамасыз етілді, негізгі мәселелер қала тұрғындарымен бірлесіп талқыланды, Қоғамдық кеңес отырысы өткізілді.

Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді. 




Яндекс.Метрика