Өңірлер

Алматының 2016 жылға нақтыланған жергілікті бюджеті 380,5 млрд.теңгені құрады – әкімдік

Алматының 2016 жылға нақтыланған жергілікті бюджеті 380,5 млрд.теңгені құрады, деп әкімдікте хабарлайды.
Алматы қаласы30 Сәуір , 12:04

Қалалық Мәслихаттың кезектен тыс шақырылымындағы IV - ші cессиясында қаланың Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Мақсат Қиқымов бюджет жобасын әлеуметтік негізделген және теңестірілген деп атады.

«Қабылданған бюджет «Алматы-2020» даму Бағдарламасына сай әрі алматылықтардың әлеуметтік жағдайларына және қалада лайықты өмір сүру деңгейіне бағытталған», - деп атап өтті М. Қиқымов.

Жергілікті бюджет кірісінің артуы арқасында қосымша қаржы коммуналдық құрылымды модернизациялау, транспорт жүйесін жақсарту, жол сапасын арттыру, жаңадан пайда болған ықшам аудандардың инфрақұрылымын қалыпқа келтіру, жасылдандыру мен абаттандыру сияқты қалалықтардың өткір проблемаларын шешуге жұмсалады.

Алматыдағы орын алған проблем алардың бірі - коммуналды инфрақұрылым жағдайы. Қаланың жылу жүйесінің тозығы жеткен, тіпті 65%-ды құрайды, жүйені жедел модернизациялау қажет. Ал ол үшін тарифтерді көтеру керек. Естеріңізге сала кетейік, Б. Байбек тұрғындармен есепті кездесуде берілген сұрақтарға жауап ретінде жылу беру қызметінің қымбаттауы мүмкін екендігін айта келіп, алматылықтарға тарифтерді өсірмеуге уәде еткен-ді.Жылумен қамту барлық коммуналдық қызмет құнының тең жартысын құрайтынын әрі қазіргі экономикалық күрделі жағдайды ескере келіп, мәслихат депутаттары қала әкімінің жылу жүйесін модернизациялау және тарифтерді көтермеу мақсатында жергілікті бюджеттен 1,1 млрд.теңге бөлу жөніндегі шешімін қолдады.

Сонымен қатар, жолдарды орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстарына 3 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаржы жолдарды, тротуарлар мен қаланың көше – жол жүйесін қалыпты жағдайда ұстауға жұмсалады.

«Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша салынған ықшам аудандарды абаттандыру жұмыстарына да қаржы бөлінді. Мысалы, 166 млн. теңге қаржы Түрксіб ауданындағы «Жас қанат» ықшам ауданында кварталаралық 2 км жолды жасауға жұмсалады. Ал, Б.Хмельницкий көшесінің бойынан 2 км жолды үңгілеу «Жас қанат» пен «Кайрат» ықшам аудандарының тұрғындарын қаланың бас магистарльдарымен қосады. Құрылыстың бастапқы кезеңін жүргізу үшін бюджеттен 85 млн.теңге бөлінді.

Бұлардан өзге, Наурызбай ауданындағы («Қалқаман», «Алтын Алаш») және Алатау ауданындағы (Алғабас, Ақбұлақ) жаңа ықшам аудандарда жол салудың жобалық- сметалық құжаттарын жасауға 60  млн. теңге бөлінді.

Қоғамдық көліктің сапасын жақсартуға 88,6 млн. теңге жұмсалады. Бұл қаржы жолаушы тасымалы саласының жұмысын жақсартып, бірыңғай диспетчерлік қызметті қамтамасыз етеді.

Қаланың Жетісу және Наурызбай аудандарында жаңа скверлер жасауға 252 млн.теңге бөлінді. Ал 1,1 млрд.теңге қоқыс жинайтын 550 алаңды жөндеуге және қосымша 400 алаңды іске қосуға, 3,5 мың евроконтейнерлер сатып алуға жұмсалады.

Жалпы, Алматы бюджеті өзінің әлеуметтік бағытын сақтап қалды. Әлеуметтік қамсыздандыруға, білім мен денсаулық сақтауды, мәдениет пен спортты дамытуға 2016 жылы бюджеттің шығыс бөлігінің 50% -дан астамы қарастырылған. Мысалы, спортты дамытуға қосымша 146 млн теңге бөлінді. Естеріңізге сала кетейік, бұқаралық спорт түрлерін 2016 жылы қаржыландыру 20 есе артқан болатын.

 




Яндекс.Метрика