Экология

Жамбыл облысында 123 гектар алқапта үдемелі бақтарды өсіру жоспарланған

Жамбыл облысында үдемелі бақтарды өсіру бойынша семинар-кеңес өтті. Семинарға аудан әкімдерінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасарлары, ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшылары, ауыл шаруашылығы құрылымдарының жетекшілері қатысты, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жамбыл 28 Сәуір, 09:51

“Жамбыл облысы географиялық орналасу жағдайы бойынша жеміс-жидек дақылдарын өсіруге қолайлы аймаққа жатады. Облыс бойынша жеміс бақтарының көлемі 1811 га, жүзімдік алқаптары 114 гетарды құрайды. 2015 жылы осы алқаптардан 10 100 тонна алма, 1 437 тонна жүзім жиналған”, - делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, 2015 жылы облысымызда 123 гектар алқапта алғаш рет үдемелі алма бақтары отырғызылды. Олар Жамбыл ауданында «Сады востока» ЖШС-24 га, «Әулие ата Алма» ШҚ 19 га, «Агро KZ» ШҚ-5 га, «Altyn alma» АТК-50 га , Меркі ауданында «Совет» ШҚ-20 га, Байзақ ауданында «Ниет» ШҚ -5 га.

Сонымен қатар, ағымдағы жылы жаңадан 172 гектарда үдемелі алма бақтарын орнату жоспарда бар. Атап айтсақ, Қордай ауданында 5 гектар, Меркі ауданы 50 гектар, Т. Рысқұлов - және Жамбыл ауданы 112 гектар алма, 5 га таңқурай.

Соның ішінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы әрқайсысы 50 гектарды құрайтын 3 ірі жоба Жамбыл ауданында іске асырылуда.

Жалпы үдемелі бақ деген ұғым – бір гектарда 2000 түп көшеттен жоғары аласа бойлы телітушілерде өсірілетін бақтар. Бұл бақтарда негізінен тамшылатып суару технологиясы қолданылады.  Шаруалар бақ өсіруде алдыңғы қатарлы елдердің, соның ішінде Түркия, Польша және Қытай тәжірибелерін пайдаланады.

Мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктердің көмегі де аз емес. Инвестициялық жобаларды субсидиялау бағдарламасы бойынша,  алғашқы жылы әрбір гектарына кеткен шығынның 40 пайызына дейін қайтарып берсе, 12 пайыздық үстеме ақымен алынған қарыздың 7 пайызын «ҚазагроҚаржы» АҚ төлеп береді.

Үдемелі алма бақтарының басты артықшылықтары ретінде алғашқы өнім алу мерзімінің қысқа болуы – 3 жылдан соң жоғары өнім алуға болады. Алынған өнім бәсекеге қабілетті болғандықтан, еліміздің басқа өңірлерінде де сұранысқа ие болады деп күтілуде.

Орта есеппен, әрбір гектардан 40 тонна өнім алынады деп есептесек, жылдық жалпы түсім барлық 315 гектардан 12,6 мың тонна өнім алынады. Ал облыс тұрғындарының жылдық тұтыну нормасы 14,7 мың тонна. Демек, жақын арада тек үдемелі алма бақтардан алынатын өнімнің өзі алманың жалпы тұтыну нормасының 85,7 пайызын қамтамасыз ету мүмкіндігі бар.

Аймақтарды дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, 2020 жылы үдемелі алма бақтарының көлемін 1600 гектарға жеткізу жоспарға қойылған.





Яндекс.Метрика