Өңірлер

Қызылорда облысының сыртқы сауда айналымы 84 млн долларды құрады

2016 жылдың бірінші тоқсанында Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің сыртқы сауда айналымы 84 млн. АҚШ долларына тең болды, бұл өткен жылдың осы кезеңіне қарағанда 41 пайызға төмен көрсеткіш, деп хабарлады облыс әкімдігі.
Қызылорда28 Сәуір , 08:59

Экспорт пен импорттың азаюына, негізінен, мұнай бағасының әлемдік рынокта құлдырауы себеп болып отыр. Тиісінше, жер қойнауын пайдаланушы компаниялар мен олардың мердігерлері сырттан тауар тасымалдауды азайтқан.

Импорт құрамын елдер бойынша таразылағанда, негізгі тауарлар үлесі Қытайдан келетін қарқыны сақталуда (52%), 23 пайыз тауарлар Испаниядан әкелінеді екен, Финляндиядан 5 пайыз, Өзбекстан мен Литвадан 3 пайыздан импортталады.  Экспорттың географиясы да Қытайдан басталады (67%), 22 пайыз тауарлар үлесі Италияға шығарылады, Ауғаныстан мен Тәжікстанға экспортталатын тауарлар  үлесі 4 пайыздан келеді.

Сыртқы сауда айналымының құрамын тауарлар бойынша зерделесек, импорталатын тауарлардың негізін жабдықтар мен механизмдер (52%) құрайды, сырттан келетін тауарлар қатарында, 7 және 8 пайыздан, электр машиналары мен құрылғылар, неорганикалық химия өнімдері, пластмасса және одан жасалған заттар, сондай-ақ қара металл өнімдері бар. 

Экспорттың басым бөлігі, яғни 52 пайызы шикі мұнай мен газға, 41 пайызы табиғи уранға тиесілі, жергілікті өнімдер – күріш пен балық – экспорттың 4 және 2 пайызын құрайды. 

Барлық тауарлар «күнбе күн» тәртібімен ресімделуде. Тауарларды кедендік тазартудан өткізудің бірінші тоқсандағы орташа уақыты: импорт үшін 1 сағат 22 минутты, экспорт үшін 20 минутты құрап отыр. 

Кедендік төлемдер мен салықтардан 3 айда 2,4 млрд. теңге өндірілді, яғни болжамды тапсырма 104,7 пайызға орындалды. 

 

 

 




Яндекс.Метрика