Өңірлер

Қызылорда облысында 76 мың га күріш егіледі (ФОТО)

Жылдағы дәстүр бойынша егін науқаны кезінде өткізіліп жүрген «Дала күні» биыл Шиелі ауданында ұйымдастырылды. Шаруалар үшін бұл күн үлкен мереке. Аудан ақсақалдары мен ардагер диқаншылар егістікке күріштің дәнін себіп, науқанды бастап берді, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қызылорда 26 Сәуір, 20:27

Семинар-кеңеске облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен барлық аудан, қала әкімдері, шаруалар қатысты. Ауылшаруашылығы саласының биылғы жоспарлары мен мәселелері ортаға салынып, талқыға түсті.  

Облыс бойынша биыл 76 мың гектар жерге күріш егіледі. Ал Шиелі ауданында 10 мың гектар жерге күріш егу жоспарланып отыр. Шаруалар ауылшаруашылық өнімдерін әртараптандыру мақсатында қазір өзге де өнімдерді егуді қолға алыған. Сонымен қатар, майда шаруашылықтарды біріктіру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. 

Аймақ шаруаларын алаңдатып отырған су мәселесі. «Шардара» мен «Көксарай» су қоймасына жиналған судың көлемі жылдағыдан кем емес. Дегенмен, тапшылық көрмеу үшін бірқатар жұмыстар атқарылуы тиіс. Ал Шиелі ауданының шаруалары аяқ судан қиындық көрмейді. Өткен жылы пайдалануға берілген су тоспасы егінге қажет сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

« Су мәселесін шешу үшін тиісті министрліктермен жұмыс жасаймыз. Шаруалар судан қиындық көрмеулері керек. Агроөнеркәсіп саласын дамытып, инвесторлар тарту, өнімдердің экспорттық әлеуетін арттыру ең негізгі міндет. Сондықтан 1-ші шілдеге дейін облыстың «Агрокартасын» әзірлеуді тапсырамын. Сонымен қатар, жылда түлектерге бөлінетін  облыс әкімінің 365 білім грантының жүзін агроөнеркәсіпке қажет мамандарды даярлауға бөлетін боламыз», - дейді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев. 

Соңғы 3 жыл қатарынан рекордтық өнім алып келе жатқан сырбойылық күрішшілер биыл да мол өнім жинаймыз деп отыр. Ол үшін жергілікті билік те жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. 

Шиелі ауданына сапары барысында облыс әкімі ақ күріштің атасы – Ыбырай Жахаевтың ескерткішіне гүл қойып, тағзым етті. Ы.Жахаевтың туғанына биыл 125 жыл. Осыған орай облыс көлемінде түрлі шаралар ұйымдастырылады деп күтілуде.

 

 

 

 





Яндекс.Метрика