Мәдениетті жаңғырту

Н.Назарбаев «Жұлдыздар тоғысқанда» көркем фильмінің тұсаукесеріне барды (ВИДЕО)

Астана қаласындағы «Қазақстан» орталық концерт залында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген «Елбасы жолы» киноэпопеясының бесінші бөлімі - «Жұлдыздар тоғысқанда» көркем фильмінің тұсаукесері болады. Фильмді тамашалауға Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келді.
Нұр-Сұлтан 26 Сәуір, 16:07

« «Елбасы жолы» киноэпопеясының артықшылығының  бірі фильмдегі оқиға желісі  Елбасы-Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірбаянынан алынды.  «Елбасы жол» киноэпопеясы  қай заманда болмасын өзекті және заманауи болады. Президенттің жеке тұлғасында оның еңбекқорлығы, мақсаттылығы бейнелнген», - деді  кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Фильмнің режиссері – РФ Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ресейдің Халық әртісі – Сергей Снежкин («Белая гвардия», «Брежнев», «Цветы календулы», «Женский роман» және т.б.).

Кинотуынды Кеңес Одағының ыдырауы, жаңа тәуелсіз мемлекеттердің пайда болуы, оның ішінде Қазақстан Республикасы туралы баяндайды. Фильм 1984-1991 жылдар аралығын қамтиды. Аталмыш көркем фильм ел тарихындағы елеулі оқиғаларға зер салып, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының қоғам өмірінің бар саласында атқарған рөлін, сондай-ақ Мемлекет басшысының дүниежүзілік ауқымда ынтымақтастықты арттырудағы айрықша қызметін саралайды.

«Жұлдыздар тоғысқанда» кинокартинасының сценарийін режиссер Сергей Снежкин Нұрсұлтан Назарбаевтың шығармаларын негізге ала отырып жазды. Жұмыс барысында Елбасының жеке естеліктері де молынан пайдаланылды. Фильмнің жұмыстары Қазақстан және Ресей елдерінде жүргізілді: негізгі бөлігі Алматы және Алматы облысында өтсе, ал, қалғаны Астана, Қарағанды, Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларында түсірілген.

Түсірілімдерге барлығы 70-тен астам нысан пайдаланылды. Оның ішінде Ресейдегі Кремль, Қарағандыдағы Кеншілер мәдениет сарайы (1989 жылғы шахтерлер  ереуілі) бар, сондай-ақ, Астрахан ауданының бидай алқабы да пайдаланылды.

Ал тәуелсіздікке ұмтылған қазақ жастарының күресі – 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі Санкт-Петербург қаласындағы «RWS» киностудиясының аумағында түсірілген.

Басты рөлді қазақстандық танымал актер  Берік Айтжанов сомдады. Сондай-ақ, фильмге Алтынай Нөгербек, Алдабек Шалбаев, Азамат Сатыбалды, Ғани Құлжанов, Еркебұлан Дайыров, Жанел Мақажанова, Динара Бақтыбаева, Қарлығаш Мұхамеджанова түсті.

Айта кететін тағы бір қызықты жайт, фильмдегі танымал тарихи тұлғаларды – КСРО Президенті Михаил Горбачев, Ресей Президенті Борис Ельцин,  АҚШ Президенттері – Джордж Буш және Билл Клинтон, Сауд Арабиясы королі Фахд әл-Сауд және Палестина автономиясының басшысы Ясир Арафат сынды кейіпкерлердің  бейнесін Игорь Угольников, Сергей Гармаш, Дарья Мороз, Алексей Гуськов, Хью Фрейзер, Ричард Кордери, Стивен Пейси сияқты ресейлік және шетелдік  актерлер сомдады.

Жалпы алғанда, картинаны жасауға 10 000-ға жуық  адам  жұмылдырылған.

«Жұлдыздар тоғысқанда» фильмі 2016 жылдың 28 сәуірінен бастап жалпыұлттық прокатқа шығып, еліміздің барлық кинотеатрларынан  көрсетіле бастайды.

 

Ботагөз Айтжанова





Яндекс.Метрика