Болашақтың біртұтас ұлты

Н.Назарбаев: Ауыл шаруашылық жерлерін шетелдіктерге сату мәселесін талқылау қарастырылмайды

Ауыл шаруашылық жерлерін шетелдіктерге сату мәселесі талқыланбайды да. Бұл туралы «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» күн тәртібімен өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
Нұр-Сұлтан26 Сәуір , 12:37

«Соңғы уақытта шетелдіктерге Қазақстанның жері сатылмақ деген жалған ақпараттардың үздіксіз жариялануынан жер мәселесіне қатты назар аударылып отыр. Бірнеше мәрте түсіндірілді, мен де бұл шындыққа сәйкес келмейтіндігін айттым. Тағы да бір мәрте айтқым келеді, ауыл шарушылығы жерлерін шетелдік азаматтар мен компанияларға сату туралы мәселе тұрған жоқ және талқыланбайды да. Бұл тақырыптағы алыпқашпа сөздер негізсіз. Арандатушылар әшкереленіп, ел заңына сәйкес жазалануы тиіс», - деді Н.Назарбаев. 

ҚР Президентінің атап өтуінше, елімізде ауыл шаруашылығы жерлері жалға 10 жылға беріліп келген. Алайда, бұл аралықта аграрийлер салған қаржысын қайтарып ала алмайды. Сондықтан, жалға беру мерзімін 25 жылға дейін ұзарту шешімі қабылданған. Жалпы, мұндай тәжірибе барлық елдерде бар. Мәселен, Ресей 49 жылға, Біріккен Араб Әмірліктері 99 жылға, Еуропа елдері 25, 49, 99 жылға жерді жалға береді. 
«Алаңға шығып шу шығарып жүргендер трактордан не болмаса аттан түсіп жетіп келгендер емес. Олардың ауыл шаруашылығы жайында түсінігі де жоқ, бұл жерлердің қайда екендігін де білмейді», - деді Елбасы.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қазақ жері халықтың жері екенін баса айтты.

«Жер - ата-бабамыздан бізге мирас болып қалған ең басты қазынамыз, ұлтымыздың ұлы байлығы.  Қазақтың даласы - халықтың меншігі. Қазақстанның 14 мың шақырым шекарасын шегендеу үшін мен 8 жыл әр жерде, әр адамдармен, әр басшылармен келіссөздер жүргіздім, қиын-қиын жерлерден өттік.  Келістік. Тұңғыш рет Қазақстанның өз территориясы бар. Шекараны шегендедік. Не үшін? Жердің тұтастығы үшін жасап отырмыз оны. Жер туралы кодекстегі өзгерістер ауыл шаруашылығымен айналысып жүрген шаруақор адамдарға жеңілдік жасауды көздейді. Олар жердің қожасы болса, жердің қадірлейді. Күтеді», - деді Елбасы.

Индира Кауметова




Яндекс.Метрика