Инвестициялар

10-нан астам ірі компания Алматы облысымен 2 млрд доллардан астам инвестиция болатын 12 меморандумға қол қойды (ФОТО)

Облыстың инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыруға, жаңа серіктестер тауып, өзара тиімді ынтымақтастық келісімшарттарын жасасу мақсатында Алматы облысының әкімі А. Баталов бастаған ресми делегация екі күндік сапармен Қытай Халық республикасының Шыңжаң Ұйғыр автомномиялы ауданында болып қайтты, деп хабарлады облыс әкімдігі.
Алматы 25 Сәуір, 19:28

Сапар барысында ҚХР ШҰАА-дағы бірқатар іргелі кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысып, үлкен бизнес-форум өткізілді.

Алғашқы күні делегация қуаттылығы жылына 300 мың тонна қант өңдейтін ірі мемлекеттік корпорация зауытында болды. Мұнан кейін көп жылғы тарихы бар жиһаз өндіретін кәсіпорынның жұмысымен танысты. Бүгінгі күні әлемге танымал «Сименс» компаниясының басты бәсекелесі энергия құралдарын шығаратын «Ти Би Эй» корпорациясына да атбасын бұрды. Кездесу қорытындысында өзара ынтымақтастық туралы келісімшарт жасалып, жаңартылған энергия көздеріне қатысты инвестициялық жобаларды қолға алу туралы меморандумға қол қойылды.

Тағы бір назар аударылған нысан - металлургиялық зауыт, мұндағы кәсіпорынның өз жұмысшыларына демалыс және тұрмыстық жағдайлар жасаудағы тәжірибесі үйренуге тұрарлық.

Өз кезегінде облыс әкімі А. Баталов қытайлық әріптестеріне облыстың мүмкіндіктері туралы баяндап, «Қорғас» шекара маңы орталығында және индустриалды аймақтарда серіктестікті дамытуға қолайлы жағдай жасалғанын айтты.

Сапардың екінші күнінде ауқымды бизнес-форум өтіп, онда Жетісу өлкесін инвестициялық мүмкіндіктері кеңінен таныстырылды. Облыс басшысы А. Баталов кәсіпкерлерге ешқандай бюрократиялық кедергісіз барлық жағдай жасалатынын жеткізді.

ШҰАА төрағасының орынбасары Мао Сайдихамуза Алматы облысының инвестициялық мүмкіндіктерінің таныстырылымы екі аймақтың ынтымақтастығын кеңейту мен дамытудағы керемет платформа екенін атап өтті. Сонымен қатар ол бұл тек экономикада ғана емес, білім, ғылым, туризм салаларында да жаңа байланыстарға жол ашатынын тілге тиек етті.

Жалпы, сапар барысында 10-нан астам ірі компаниялар Алматы облысымен жалпы сомасы 2 млрд. доллардан астам инвестиция болатын 12 меморандумға қол қойды. Олардың қатарында күн және жел электр станцияларының, қабырға панельдерін шығаратын инновациялық зауыттың, қазақстандық-қытайлық агрокешеннің, ауыл шаруашылығы агроөңдеу паркінің құрылысы және тағы басқа жобалар бар. Сондай-ақ тәжірибе алмасып, мәдени, іскери байланыстар дамытылып, бұдан әрі де ынтымақтастықта болу мәселесі пысықталды.

 





Яндекс.Метрика