Халықаралық интеграция

ҚР Президенті мен Еурокомиссия төрағасы санкцияға қарсы тұру келісімі мәселесін талқылады

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еурпалық комиссия төрағасы Жан-Клод Юнкермен кездесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Әлемде30 Наурыз , 18:43

Кездесуде Қазақстан мен Еуропалық одақ арасында саяси және сауда-экономикалық байланысты нығайту жолдары қарастырылды. Тараптар сондай-ақ, халықаралық күн тәртібідегі Орталық-Азия аймағында аймақтық ынтымақтастық мәселелерін де талқылады.

Тараптар сондай-ақ, халықаралық күн тәртібін, соның ішінде Орталық Азия өңіріндегі өңірлік ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев пен Ж.-К.Юнкер бұқаралық ақпарат құралдары үшін бірлескен брифинг өткізді.

Қазақстан Президенті еліміздің Еуропалық одақпен 23 жыл бойы ынтымақтасып келе жатқанына назар аударды.

- Бүгінде Қазақстан - Еуроодақпен кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған бұрынғы кеңестік кеңістіктегі бірден-бір ел.  Бұл құжатқа былтыр қол қойылды, республикамыз оны ратификациялады, сондықтан осы келісімнің экономикалық бөлігін 1 мамырдан бастап уақытша пайдалана аламыз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы елімізде өткен президенттік және парламентік сайлауларға байланысты құттықтау жолдағаны үшін де алғыс айтты.

- Таяудағы парламенттік сайлауды 1000-ға жуық шетелдік байқаушы бақылады, олар сайлау үдерісі демократия, бостандық және бәсекеге қабілеттілік қағидаттары негізінде барлық тиісті заңнаманы сақтай отырып жүзеге асырылғанын растады, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев ЕО елдерін алдағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне және «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру ісіне қатысуға шақырды.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен ЕО санкциялық текетіресті әсіресе оның біздің елге ықпалын ескере отырып, барлық мүдделі тараптарға тиімді түрде шешу жөніндегі іс-қимыл аясындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласқанын айтты. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның таяу көршілерімен - Қытай Халық Республикасымен және Ресей Федерациясымен жақын достық қарым-қатынас орнатып отырғанына, олар экономикалық ынтымақтастық бойынша негізгі серіктес болып саналатынына назар аударды.

Мемлекет басшысы келіссөздер барысында Қазақстан мен ЕО азаматтарының өзара барыс-келісі, соның ішінде Еуроодақ тарапының да виза режіміне қатысты жеңілдік жасау мүмкіндігі туралы мәселелер қозғалғанын атап өтті. Тараптар Қазақстан әуе компанияларының ЕО елдеріне ұшуын шектеуге байланысты ахуалды шешу жайын да талқылады.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев қарастырылған барлық мәселе бойынша өзара түсіністікке қол жеткізілгеніне назар аударды.

Ж.-К.Юнкер сауда-экономикалық ынтымақтастықтың одан әрі дами беретініне сенім білдірді.

- Бұл тығыз қарым-қатынастар сан түрлі формаға ие болуда. Еуропалық одақ - Қазақстанның маңызды экономикалық серіктесі, - деді Еуропалық комиссия төрағасы.

Сондай-ақ, ол маңызды өңірлік үдерістерге қатысып отырған Қазақстанның бітімгерлік ықпалына Еуропалық одақтың сенім артатынын атап өтті.

Ж.-К.Юнкер келіссөз барысында Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформалар мен адам құқығын одан әрі қамтамасыз ету мәселелері қозғалғанын айтты. 




Яндекс.Метрика