Инвестициялар

ССКӨБ кен дайындау және байыту фабрикасындағы кептіру желісінің өнімділігі 25 пайызға артты

Еуразиялық Топ құрамына кіретін Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігінің кен дайындау және байыту фабрикасында ауқымды жоба аяқталды. Инвестициялық бағдарлама шеңберінде мұнда барлық кептіру желілері жаңғыртылды. Соңғылардың бірі болып №6 желі қайта іске қосылды, деп хабалады облыс әкімдігі.
Қостанай30 Наурыз , 19:32

Кептіру – фабриканың ең маңызды учаскелерінің бірі. 2011 жылы учаскеде алты кептіру желісін жаңғырту жұмыстары басталған болатын. Олардың суық мезгілде атқаратын қызметі айрықша. Себебі кептіру барысында концентраттың құрамындағы ылғал мөлшері 9,8 пайыздан 3 пайызға дейін төмендетеді. Бұл тасымалдаған кезде өнімнің қатып қалуына жол бермейді.

Ауқымды жұмысты №6 желіні ауыстыру ісі тәмамдады. Жабдықты жаңарту, соның ішінде желіні тоқтатып, қайта іске қосу жұмыстарына бірнеше ай кетті. Дегенмен нәтиже көңіл көншітеді.Учаскеде қайта жаңғыртылған басқа жабдықтар секілді №6 желі  сағатына 140 тонна концентраттың орнына енді 200 тонна кенді құрғата алады. Бұнымен қоса, газдың шығыны да сағатына 1250-ден 900 текшеге азайды. Тағы тиімді тұсы кептіру технологиясы экологияға еш залал келтірмейді.

Жаңғырту үдерісінде кептіру желілерінің іргетасы, ресейлік жабдықтар: кептіру барабаны, газды тазарту жүйесі, жылу генераторы, сондай-ақ ысып кетуден сақтап, оның қызмет ету мерзімін ұзартатын май стансасы бар редуктор орнатылды. Жаңарту барысында  кептіру барабанындағы концентраттың тез кебуіне мүмкіндік беретін қондырмалар өзгеріске ұшырады. Ескі басқару пульті автоматтандырылғанына ауыстырылып, диспетчер кабинетіндегі компьютердің мониторынан барлық технологиялық үдерісті бақылау мүмкіндігі туды. Бұл кептіру желісін басқаруды әлдеқайда жеңілдетті.

 




Яндекс.Метрика