Білім беру

Қарақия ауданының 45 тұрғыны дәнекерлеуші және монтаждаушы мамандығы бойынша сертификат алды

Қарақия ауданындағы Мұнайшы және Жетібай ауылдарының 45 тұрғыны халықаралық және ұлттық стандарттарға сай дәнекерлеуші және монтаждаушы мамандықтары бойынша сертификат иегерлері атанды. Осыдан екі жыл бұрын Маңғыстау облысының әкімшілігінде «Маерск Ойл Қазақстан ГмбХ» ЖШС мен «Ерсай» ЖШС қатысуымен әлеуметтік жоба басталған болатын. 2014 жылдың қыркүйек айында жастар «Ерсай» компаниясының Кәсіби оқыту орталығындағы оқуға кіріскен. Болашақ сертификатталған дәнекерлеуші және монтаждаушылар тәжірибеден осы кәсіпорынның өндірістік базасында өтті, деп Маңғыстау облысының әкімдігі хабарлайды.
Маңғыстау 30 Наурыз, 20:26

Естерінізге сала кетейік, 2 жыл бұрын Маңғыстау облысы әкімдігінің әлеуметтік жобасы бастамасын алды.Ол жобада «Маерск Ойл Казахстан ГмбХ» ЖШС мен «Ерсай» ЖШС қатысты.  

- Бүгін мен монтаждаушы мамандығы бойынша диплом алдым. Басынан бастап оқыдым. Ұлттық стандартқа сай сертификаттың көмегімен жақсы жұмыс орнына орналасамын деп ойлаймын, - дейді Қарақия ауданы Жетібай ауылының тұрғыны Нұрлыбек Сәдуақасов.

Дәнекерлеуші студенттердің кәсіби-техникалық біліміне баға беретін емтиханды қабылдаушы комиссиясының құрамында, арнайы шақыртылған «Қазақстандық дәнекерлеушілер ассоциациясының» мүшелері болды. Айта кетейік, дәнекерлеуші мамандығы бойынша берілген халықаралық диплом иесі тек Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ, әлемнің 60-тан астам елдерінде жұмыс жасай алады.

- Біздің мақсатымыз – студенттерді халықаралық және ұлттық стандарттарға сәйкес құрал-жабдықтармен жұмыс жасауға үйрету. Қазіргі уақытта халықаралық стандартқа сай дәнекерлеу өндіріс орнын жүргізу бойынша – 21 адам, ал монтаждаушы жұмысын ұлттық стандартқа сай жүргізу бойынша – 24 адам оқытылды. Оқу кезінде тағылымгерлер өздерін жақсы жағынан ғана көрсете білді. Оларды қазақстандық және шет елдік мамандар оқытты. Бүгінгі таңда өңірдегі кәсіпорындарда екі адам жұмыс жасап жатыр, - деді «Ерсай» ЖШС «Кәсіби оқыту орталығы» тобының жетекшісі Достан Өмірғалиев.

Тағылымгерлердің орналасуына, тамақтануына және шәкіртақыларына 31,5 млн. теңге бөлінді. 67 тұрғын ішінен тек 45-і ғана сертификат алды. Ал қалғаны әр түрлі себептерге байланысты оқуларын жалғастыра алмады.





Яндекс.Метрика