Көліктік-логистикалық жүйенің дамуы

2016 жылы Ақтөбе облысында 178 шақырым автомобиль жолдарын жөндеуге 7,1 млрд теңге бөлінеді

2016 жылы Ақтөбе облысында 178 шақырым автомобиль жолдарын жөндеуге 7,1 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы «Ақтөбе ақпарат» орталығында өткен баспасөз конференциясында Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Асқар Есжанов хабарлады.
Ақтөбе30 Наурыз , 20:08

Асқар Есжановтың айтуына қарағанда, биыл Ақтөбе облысындағы көлік автомобиль жолдары инфрақұрылымын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттен 7,1 млрд. теңге бөлінеді. Айта кету керек, 2015 жылдан бері облыстық, аудандық маңызы бар жолдар мен ауыл аймақтардағы көшелерге күрделі және орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге бөлінетін шығын 1 млрд теңгеге артты. 2016 жылы барлығы халықаралық және республикалық маңызы бар 110 шақырым, жергілікті маңызға ие 68,3 шақырым жол орташа жөндеуден өтеді.

“2015 жылы республикалық және халықаралық маңызы бар 80 шақырым жол орташа жөндеуден өтті, облыстық маңызы бар 13 шақырым жол қайта жөнделді, аудандық маңызы бар 80 шақырым жол орташа жөндеуден өтті. Ұзындығы 34 шақырым болатын 22 қала жолы күрделі жөндеуден өтті. Осы жылы Ақтөбе қаласы мен ауылдық округтарда 20 көше жөнделеді”,  - деп хабарлады Асқар Есжанов.  

Басқарма басшысының айтуынша, 2016 жылға жоспарланып отырған нақты жобалардың қатарында «Шұбарқұдық-Ойыл-Қобда-Илецк» автожолының (267-307 шақырым) қайта салынған бөлігі қолданысқа беріледі. Сонымен бірге, биыл «Шұбарқұдық-Ойыл-Қобда-Илецк» (304-334 шақырым), «Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық» (2-16,5 шақырым), «Хромтау-Бадамша» (17-30 шақырым) бағытындағы жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу жоспарланып отыр. «Ембі-Жем» (0-5 шақырым) автожолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Шалқар және Ырғыз аудандарындағы көпірлер мен Ырғыз, Бадамша ауылдарындағы жолдарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Бүгінгі таңда Ақтөбе облысындағы қолданыстағы автомобиль жолдарының ұзындығы 6 553 шақырымды құрайды, оның 1894 шақырымы республикалық, 1057 шақырымы облыстық және 3602 шақырымы аудандық маңызға ие.  




Яндекс.Метрика