Өңірлер

ШҚО әкімі Семей қаласындағы ядролық медицина Орталығы құрылысының мәселелері бойынша кеңес өткізді

Облыс әкімі Даниал Ахметов Семей қаласындағы аймақтық радиологиялық диспансер жанындағы ядролық медицина Орталығын қолданысқа енгізу және қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етудің өзекті мәселелеріне арналған арнайы жиналыста жауапты құрылым және мердігер компания басшыларына бір апта ішінде олқылықтарды жою қажеттілігін тапсырды, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Шығыс Қазақстан28 Наурыз , 12:04

Орталық құрылысы 2012 жылдың наурыз айында басталып, 2013 жылдың желтоқсанында аяқталу қажет болатын. Кейін қолданысқа енгізу мерзімін 2015 жылдың желтоқсан айына шегерді. Бас мердігер және құрылысты жүргізген қосалқы мердігер компаниялардың қателігінен жоспарланған мерзімде нысан қолданысқа берілмеді.

Өткен жылы тәуелсіз сараптама комиссиясы бірқатар қателіктерді анықтады. Ең басты проблема – «Медтехника» АҚ қосалқы мердігер компания орнатқан сұйық радиоактивті қалдықтарды (СРҚ) талдау және сақтау бойынша жұмыстар жобаға сәкес келмеді.  

«Сараптамалық жұмыс тобының отырыстарында аталмыш жүйені ауыстыру бойынша бірнеше мәрте айтылған болатын. «Медтехника» АҚ басшылығы өз олқылықтарын жою туралы сөз берген. Бірақ бүгінгі таңға дейін компания кепілдік міндеттерін орындамай келеді. Бас мердігер және қосалқы мердігер компания басшылығы бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деді облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков.

Кеңес барысында «Медтехника» АҚ өкілдері облыс әкімінің жетіспейтін медициналық құрал-жабдықты жеткізу және сұйық радиоактивті қалдықтар жүйесін қашан ауыстыратын сауалына нақты жауап бермеді. Олар бас мердігер компания қажет қаражатты аудармағанын айтты. Бірақ «ИртышГСЭстрой» ЖШС бас мердігер компания өкілі керісінше жауап қайтарды.  

«Бас мердігер «Медтехника» АҚ-на жалпы соманың 63 пайызын төледі, ал келісім шарты бойынша 30 пайызды ғана төлеу қажет болатын. СРҚ жүйесі қондырғысының сапасы төмен. Сондай-ақ, құрал-жабдықтар жүк тасымалы жәшіктерінде тұрғанмен уақтылы орнатылмаған» – деді Д.Гариков.

Облыс әкімі Даниал Ахметов бір апта ішінде екі компания арасындағы келісімді жан-жақты қарап, бір шешімге келуді және орнатылған СРҚ жүйесі қондырғысының қаншалықты жобаға сәйкес келетінін анықтап, аталмыш мәселені қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

«Тұрғындар өмірінің сапасы мен қауіпсіздік шараларына қатысты барлық нәрсе қатаң талдауды қажет етеді. Мен екі компаниямен де неше мәрте кездестім. Екі жақ та жақын уақытта жіберген олқылықтарды жою бойынша сөз берген. Бүгін орындалмаған міндеттер мен бөлінген бюджеттік қаражатты игеру жөнінде мәселелер бойынша сұраныс қатаң болады. Әлеуметтік маңызды нысанға, яғни медициналық қондырғыға мұқтаж жандардың өмірімен ойнауға жол бермейміз», - деді аймақ басшысы.

 

 




Яндекс.Метрика