Өңірлер

Меркі ауданында «Аймақтық сүт кластерін» құру бойынша 42 шаруа қожалық топтастырылды

Меркі ауданында «Аймақтық сүт кластерін» құру бойынша 42 шаруа қожалық топтастырылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен брифингте Жамбыл облысы әкімдігінің ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұржігітов Нұржан Молдиярұлы хабарлады.
Жамбыл28 Наурыз , 08:37

«Өздеріңізге белгілі, 2015 жылдың 31 қазанында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қол қоюымен «Ауыл шаруашылық кооперациясы туралы» заңы қабылданды. Аталған заң аясында біршама оңды экономикалық жетістіктерге жету мүмкіндіктері ашылды. Мысалы, кооператив ішінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері ауыл шаруашылығы өнімі мен оны қайта өңдеу өнімдерін алу, машина-трактор паркінің қызметтерін пайдаланып, өзіндік құн бойынша кооперативте өз өнімін қайта өңдеу мүмкіншілігіне ие бола алады. Ағымдағы жылдан бастап осы заңның қолданысқа енуіне байланысты «Қазақ аграрлық-өнеркәсіптік кешенінің экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми зерттеу институттының» мамандары арнайы келіп, барлық аудандарда түсіндіру жұмыстарын өткізуде. Бүгінгі күні Меркі ауданында «Аймақтық сүт кластерін» құру бойынша 42 шаруа қожалық топтастырылып «Меркі өнімдері» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Бұл кооперативке 210 адам жұмысқа тартылады деп жоспарлануда»-деді Н.Нұржігітов.

Бұдан бөлек, қазіргі уақытта Жуалы ауданында «Жуалы өнімдері» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне ұсақ шаруашылықтарды біріктіру жұмыстары ұйымдастырылуда. Мұндай шаралар алдағы уақытта облыстың барлық ауданында атқарылатын болады.

 




Яндекс.Метрика