Мәдениетті жаңғырту

Абай қорық-мұражайында «Ұлы дала мұрасы» этнографиялық көрмесі өтуде

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайында Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесін тойлау аясында «Ұлы дала мұрасы» этнографиялық көрмесінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
Шығыс Қазақстан 26 Наурыз, 15:03

Ұлыстың Ұлы күніне арналған мереке кезінде «қол күрес», «арқан тарту», «асық ату» сияқты қазақтың ұлттық ойындарынан жарыстар ұйымдастырылып, қазақ ұлттық әуендері мен билерден тұратын концерт өтті. Думанды шараға қатысқан қала тұрғындары мен қонақтары бауырсақ пен наурыз көжеден дәм татып, музей қызметкерлері дайындаған мерекелік көріністерге риза болды.

«Ұлы дала мұрасы» көрмесінің негізгі мақсаты – өткен ғасырларда өмір сүрген қазақтың алтын қолды ұсталары мен зергерлерінің асыл мұраларын насихаттау, мұражай қорында сақталған этнографиялық және зергерлік жәдігерлерді көрермен назарына ұсыну. Қазақ халқының ұмытылып, назардан тыс қалып бара жатқан ұсталық кәсіп, зергерлік өнерін музей қорындағы жәдігерлер негізінде түсіндіру.

Көрме әрбір адамның өзінің ата-тегін, елінің тарихын, ана тілін білуі, ұлтын сүюі – қасиетті перзенттік парызы екендігін көрсетуге бағытталған. Ұлтының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мәдениетін, өнерін сақтап, дамытуы – ата-баба рухы алдындағы мәңгілік борышы мен міндеттері екенін көрме арқылы көрсетіп, ұрпақ зердесіне сіңіру басты назарға алынған.

Көрменің ерекшелігі – этнографиялық көрмеге мұражай қорында сақталған сирек этнографиялық, зергерлік, қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрі мен тұрмысын танытатын жәдігерлер қойылды. Олар ағаштан, теріден жасалған тұрмыстық заттар, түрлі тәсілмен жасалған қолөнер бұйымдары, қару жарақтар, музыкалық аспаптар, күмістен жасалған әшекей бұйымдары, бейнелеу өнері туындылары және тағы басқа жәдігерлер.

Кезінде Ұлы Абай өлкетану музейіне тапсырған жәдігерлер музей ерекше мақтан ететін асыл мұра ретінде көрме мәнін аша түсті.

«Ұлы дала мұрасы» этнографиялық көрмесі қала қонақтары мен көрермен назарына бір ай бойы ұсынылады.

 





Яндекс.Метрика