Мәдениетті жаңғырту

Ұлттық музейде «Жамбыл Жабаев» картинасының тұсаукесері өтті (ФОТО)

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде мемлекеттік «Дарын-2008» жастар сыйлығының лауреаты Айдар Жамхан мен Астана қаласы Қазақ суретшілер қауымдастығының мүшесі Шахмардан Айдостың «Жамбыл Жабаев» картинасының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Ұлттық музейдің ақпаратық-имидждік қызметі, деп хабарлады Ұлттық музейдің баспасөз қызметі.
Нұр-Сұлтан 25 Наурыз, 20:27

Шараның салтанатты ашылуында сөз алған Ұлттық музейдің директоры Дархан Мыңбай Жамбыл Жабаевтың ақындық мұрасы туралы айта келе, жаңа туындының авторларына алғыс білдірді.

“Жыр алыбы Жамбыл бабамыздың кейінгі ұрпағына мирас ретінде қалдырған шығармашылық мұрасы қазақ әдебиетінің алтын қазынасы болып табылады. Қанша жылдар өтсе де Жамбыл Жабаевтың өлеңдері өміршеңдігін жоғалтқан емес. Қайта керісінше, бірнеше тілдерге аударылып, әлі күнге дейін кітап болып басылып шығып жатыр. Қазақ деген ел барда жыр алыбының жырлары жасай бермек. Сондықтан да Жамбыл атамыздың көрген түсінің желісімен салынған мұндай картинаның Ұлттық музейдің төрінен орын алуы орынды деп ойлаймын”, - деді Д.Мыңбай.

Картина авторларының бірі Шахмардан Айдос Ұлттық музейдің суретшілер жұмысына жасаған қолдауына алғыс білдіре келе, жаңа туындының ерекшелігіне тоқталып өтті.

“Бұл жұмысқа кіріспес бұрын, Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығына терең танысып шықтық. Айдар Жамханмен ақылдаса келе, ақынның 170 жылдығына орай осындай дүние жасап шығардық. Ұлттық музейдің қазақ суретшілеріне жасаған қамқорлығына ерекше алғыс білдіреміз”, - деді Ш.Айдос.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, суретші Сембіғали Смағұлов  аталмыш картинана авторларын құттықтап, жастарға ақжол тіледі.

“Осыншама жұртты жинап, бір ғана картинаны таныстыру дәстүрі біздің елімізде де кеңінен үрдіс алып келе жатқаны көңіл қуантады. Байқап отырмын, суретшілер өте жақсы жұмыс істеген. Бәрінен бұрын өнерлі жастарға жасалып жатқан қолдауларды көріп көз қуанады. Шәкірттеріме шығармашылық табыс тілеймін”, - деді С.Смағұлов.

Айта кетейік, картинада қолында домбырасы бар, басына қара-қоңыр түсті бөрік, үстіне ұлттық шапан киген ақын бейнеленген. Сонымен қатар, қызыл жолбарыстың бейнесін және басқұр, кілем, түскиіздің элементтерін көруге болады. Композицияның оң жағында қазақтың кең даласы мен аспаны, асқар таудың бейнесі суреттелген.

Іс-шара барысында Жамбыл Жабаев туралы деректі фильмдер көрсетіліп, Астана қаласы орта мектептерінің оқушылары жырдан шашу шашты.

 





Яндекс.Метрика