Инвестициялар

12 елдің 300 делегаты ОҚО-дағы инвестициялық форумға қатысады

Оңтүстік Қазақстан облысын шетелге танытуды дамытып, өңірге шетел инвестициясын тарту мақсатында ұйымдастырылатын «Ontustik Invest - 2016» форумы осы жылдың 28-29 сәуірі күндері Шымкентте өтпек, деп хабарлады облыс әкімдігі.
Южно-Казахстанская область25 Наурыз , 09:14

Халықаралық жиын кезінде шетелдік қатысушылар еліміздің, оның ішінде, Оңтүстік Қазақстан облысының инвест мүмкіндіктерімен танысып, өңіріміздің экономикадағы басым бағыттары – ауыл шаруашылығы, тамақ және тоқыма өнеркәсібі, фармацевтика салалары аясындағы маңызды мәселелерді талқылайды.

Осылайша, Күнгейде екі күн бойы өтетін форум екі жақты әріптестік орнату мен іскерлік байланысты нығайтуда шетелдік инвесторлар мен жергілікті кәсіпкерлердің, мемлекеттік орган өкілдері мен ұлттық компаниялардың іскерлік алаңына айналады.

«Ауыл шаруашылығы, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика салалары біздің өңір үшін маңызды тақырып. Себебі, бұл салалар басқа өңірлермен, елдермен салыстырғанда біздің аймақта жақсы дамыған. Сондықтан, өңірге шетелдік инвесторлардың қызығушылық танытуы заңдылық. Мәселен, көршілес Қытай мемлекетінде біздегі органикалық таза, сапалы тағамдар жоғары сұранысқа ие. Ондағы баға ұсынысы да біздің кәсіпкерлердің көңілінен шығады. Бүгінде келіссөздер жүргізілуде.

Міне, осындай жан-жақты жұмыстардың арқасында облыс шаруалары өнімдерін экспорттауға мүмкіндік алады. Сол себепті, бұл форумның ОҚО үшін маңызы зор», - деді облыс әкімінің орынбасары. Айта кету керек, инвестициялық форумға шетелдік компаниялар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері, сонымен қатар, бизнес-қауымдастықтар, орталық және жергілікті орган қызметкерлері мен ұлттық компаниялар, даму институттарының мамандары, жалпы саны 500-ден астам өкіл қатысады деп күтілуде.

Дәл бүгінгі жағдай бойынша 12 мемлекеттен 300-ге жуық делегаттың келетіні анықталған. Екі күндік форумның бірінші күні шетелдік кәсіпкерлер облыстағы индустриалды аймақтарды аралап, меморандумдар түзсе, екінші күні негізгі форум жұмысына кірісетін болады. Ал форумның күнделікті жаңалықтарын ontustikinvest.kz сайты арқылы алып отыруға болады.

 




Яндекс.Метрика