Өңірлер

Өскеменде мектеп пен балабақша ашылды (ФОТО)

Өскеменде заманауи технологиялармен қамтылған мектеп пен балабақша ашылды, деп хабарлады ШҚО ақпараттық орталығы.
Шығыс Қазақстан 24 Наурыз, 08:41

1000 орындық мектеп салынып жатқан №19  шағынауданда бой көтерді. Ол заманауи жабдықтармен жарақтанған. Ашылу салтанатында оқушылардың концерті ұйымдастырылып, мерекелік дастарқан жайылып, қонақтар Наурыз көжеден дәм татты.  

«Мектепте бір ауысымда 936 оқушы білім алады. Алайда шағынаудан кеңейіп жатқандықтан, олардың саны арта түспек», - деді мектеп директоры Гүлфарида Ауғанбаева.

 Ол оқу үдерісіне  инновациялар, соның ішінде үш тұғырлы тіл саясаты енгізіліп жатқанын атап өтті.

Мектепте инновациялық бағыттағы пәндер терең меңгеріліп, көптеген үйірме ұйымдастырылды, таңдалған пәндер бойынша қосымша сабақтар өтіп жатыр.

Қала әкімі Темірбек Қасымжанов атап өткендей, жаңадан ашылған мектеп - қаладағы жетекші оқу ордаларының бірі болмақ. Ол мектеп үздіктердің қатарына еніп, оқу үдерісінің жақсы нәтижелерін көрсететініне сенім білдірді.  Қала басшысы бұл шағынауданда  инфрақұрылымды дамыту, жаңа әлеуметтік нысандардың құрылысы бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. Жақын арада мектеп аумағында теннис корты мен спорттық алаңды ашу жоспарланған.  

Жуырда ашылған «Азамат» балабақшасы да мемлекеттік-жеке меншік әріптестігі аясында осы ауданда салынды.

 

 





Яндекс.Метрика