Парламент

ОСК Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлау қорытындыларын белгіледі

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы болды, онда «Алтыншы шақырылымның Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлау қорытындыларын анықтау және жариялау, партиялық тізімдер бойынша дауыс беру қорытындыларына қарай депутаттық мандаттарды бөлу туралы» қаулы қабылданды, деп Ортсайлауком баспасөз қызметі хабарлайды.
Нұр-Сұлтан22 Наурыз , 12:47

Облыстық, Астана және Алматы қалаларының аумақтық сайлау комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес Орталық сайлау комиссиясы партиялық тізімдер бойынша сайлаудың мынадай қорытындыларын анықтады:

«Нұр Отан» партиясы  - 6 183 757 дауыс немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының 82,20 пайызы;

Қазақстан Коммунистік Халық партиясы – 537 123 дауыс немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының 7,14 пайызы;

Қазақстанның «АҚ ЖОЛ» Демократиялық Партиясы – 540 406 дауыс немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының 7,18 пайызы;

«Бірлік» Саяси Партиясы – 21 484 дауыс немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының 0,29 пайызы;

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 88 813 дауыс немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының 1,18 пайызы;

«Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 151 285 дауыс немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының 2,01 пайызы;

Осылайша, сайлау туралы заңға сәйкес «Нұр Отан» партиясы Парламент Мәжілісі депутаттарының 84 мандатын, Қазақстанның «АҚ ЖОЛ» Демократиялық Партиясы – 7 мандатын және Қазақстан Коммунистік Халық партиясы – 7 мандатын алды.

Сондай-ақ Ортсайлауком Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлаудың қорытындыларын белгіледі.

Қазақстан халқы Ассамблеясынан Парламент Мәжілісінің депутаттары болып:  Сауытбек Абдрахманұлы Абдрахманов, Владимир Карпович Божко, Наталья Васильевна Жұмаділдаева, Роман Укенович Ким, Наринэ Гамлетовна Микаелян, Ахмет Сейдарахманович Мурадов, Шаймардан Усаинович Нурумов, Юрий Евгениевич Тимощенко, Шакир Хусаинович Хахазов сайланды.

ҚР ОСК бекіткен сайлау қорытындылары туралы ресми хабар БАҚ-та жарияланады және Ортсайлаукомның ресми интернет-ресурсында орналастырылады.

ҚР ОСК Төрағасы аталған қаулыны қабылдай отырып, Ортсайлауком елде соңғы екі ай бойы жүрген сайлау науқанын аяқтайтынын атап өтті.

«Осылайша, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Президентінің Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру және өткізу туралы Жарлығының орындалуын қамтамасыз етті» - деді Қ. Тұрғанқұлов.




Яндекс.Метрика